Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әзербайжан Республикасына барған сапарында әзербайжандық ойшыл, көрнекті ғалым әрі рухани ұстаз шейх Сейид Яхия Бакувидің мұрасына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, арнайы баяндама жасады.
«Түркі дүниесінің көрнекті ғұламасы Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде адамның ішкі жан дүниесін тазарту, нәпсіні тәрбиелеу, Аллаға деген махаббат пен адамға деген құрмет мәселелерін кеңінен жырлады. Бұл тұрғыда Ясауи мен Бакувидің рухани мұрасында маңызды үндестік бар. Екеуі де адамның кемелдігін сыртқы дүниемен ғана өлшемейді. Адамның шынайы биіктігі оның жүрегінің тазалығымен, мінезінің көркемдігімен және Жаратушыға деген ықыласымен айқындалады.
Қазақ пен әзербайжан халықтарын тек тілдік немесе тарихи жақындық қана емес, ортақ рухани құндылықтар да байланыстырады. Әзербайжан топырағы Низами Гәнжауи, Сейид Яхия Бакуви секілді тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Қазақ даласы да әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай сияқты ғұламаларымен адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосты.
Олардың барлығын бір арнаға тоғыстыратын ортақ мұрат бар. Ол – адамды кемелдікке жеткізу арқылы қоғамды ізгілендіру. Біздің бабаларымыздың рухани мұрасы бір-бірінен алшақ емес. Керісінше, олар бір-бірін толықтырып, түркі-мұсылман өркениетінің тұтас рухани бейнесін қалыптастырды» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, конференция жұмысына қатысқан Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан Республикаларының мүфтилері де Бакуви мұрасы жайлы баяндама жасады.


















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
15.09.2026
315
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру