Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ «НҰР-СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 30.10.2026 189 0 пікір
БАС МҮФТИ «НҰР-СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Нұр-Сұлтан» мешітінде «Тәубенің мәні мен маңызы» тақырыбында жұма уағызын айтты. 

«Асыл дініміз бұл өмірде шалыс басып, қателік жасаған пенделеріне Алла Тағаланың тәубе есігі ашық екенін айтады. Жаратушымыз қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 31-аятында:

«Уа, иман еткендер! Түгел тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар», – деп тәубе етуге бұйырған.

«Тәубе» сөзі араб тіліндегі «әт-тәубәту» сөзінен алынып, «қайту, оралу» деген мағыналарды білдіреді. Шариғатта тәубе деп – Пенденің күнәлі істен кейін өкініп, Жаратушысынан жарылқау сұрап, болашақта ондай күнәға бармауға шешім қабылдауын айтамыз.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Барлық Адам атаның балалары – қателесуші. Солардың ішіндегі ең жақсылары – істеген қателіктері үшін тәубе ететіндері», – деген (имам Ибн Мәжа).

Халқымызда: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» немесе «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды» дейтін сөздер бар. Бұл сөздер адам баласы болғаннан кейін қателік, кемшілік деген дүние әркімде болатынын білдіреді. Бірақ: «Үмітсіз шайтан» немесе «Қайырсыз малдан без, Үмітсіз жаннан без» деп ешуақыт үміт үзуге болмайтынын тағы айтады.

Асыл дініміздің де айтатыны осы. Адам пенде болғандықтан, пендеге қателікке бой алдыру, күнә жасап қою деген істер тән. Бірақ, адам баласы осындай жағдайда, болды енді Алла мені кешірмейді деп үмітсіздікке салынудан сақтанып, тәубе етіп, ізгі амал жасап, Алла Тағаланың мейіріміне үміт артуы қажет ,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.








Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру