Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Жас маман, ауылға қадам бас, маман!» шарасы аясында 2025–2026 оқу жылының түлектеріне арналған баяндама жасады.
«Бүгінгі басқосудың маңызы ерекше.Өйткені сіздер қызметтік жолдама алумен қатар үлкен аманатты арқалап отырсыздар. Мешітте қызмет ету – үлкен аманат, жауапкершілік әрі сауабы молміндет. Қасиетті Құранда: «Расында, Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруды бұйырады» («Ниса» сүресі, 58-аят), – делінген.
Осы аяттағы аманат ұғымы дін қызметкері үшін айрықша мәнге ие.Себебі имам халыққа дінді түсіндіреді, мешіттің берекесін арттырады, жамағатты жақсылыққа үндейді, жастарға бағыт береді, шаңырақ көтерген жандарға отбасылық ақыл-кеңес айтады, халықтың қайғысына ортақтасып, қуанышына тілекші болады.
Дін қызметкерінің әрбір сөзі мен ісі жамағатқа әсер етеді. Сондықтан діни қызметке келген жас маман ең алдымен өзінің қандай үлкен аманатты арқалап жүргенін сезінуі керек. Өйткені діни қызмет жасау – пайғамбарлар міндетін атқару деген сөз.
Діни қызметтің ең үлкен ерекшелігі – оның рухани миссиясының жоғары болуында. Ұстаздың сөзі мен ісі адамның екі дүниедегі тағдырына әсер етеді. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзатқа ақиқат жолды жеткізу міндетін жүктеді. Сол үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына білім берді, оларды тәрбиеледі, адамдарды ізгілікке шақырды.
Одан кейін бұл аманатты ғалымдар, ұстаздар, имамдар жалғастырды. Жаңа діни қызметке тағайындалып отырған сіздер де осы ізгі жолдың жалғастырушысы екендіктеріңізді ұмытпаңыздар. Сондықтан имамдықты, ұстаздықты тек мешітте намаз өткізу, уағыз айту, дәріс беру деп түсіну қате пікір. Дін қызметкері – тәрбиеші, халық пен асыл дініміздің арасында алтын көпір болатын рухани тұлға.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Астанада өткен имамдар форумына жолдаған құттықтау хатында былай деген еді: «Ислам – руханиятымыздың тірегі. Ата дініміз ізгілік пен адамгершілікке, жанашырлық пен жасампаздыққа негізделген. Осындай асыл құндылықтар қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтып, елімізді өркендету ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды»,-деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.









ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
17.08.2026
122
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру