Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚАЗІРГІ ДІНИ АХУАЛҒА ҚАТЫСТЫ ЕКІ ФАКТОРДЫ СӨЗ ЕТТІ

www.muftyat.kz 26.02.2018 5021 0 пікір
ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҚАЗІРГІ ДІНИ АХУАЛҒА ҚАТЫСТЫ ЕКІ ФАКТОРДЫ СӨЗ ЕТТІ

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазіргі діни ахуалға, діни орта мен зайырлы қауым арасында туындап жүрген өзара түсінбеушілікке қатысты екі факторды «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында атап өтті. 

«Екі жаққа да қатысы бар екі фак­торды атап өтейін. Біріншісі – дін­дарлық пен радикализмнің ара­сын ажырата алмай, қасаң қа­ғи­даларға алданған албырт жас­тардың қатқыл діни көзқарасы. Екіншісі – иманға шөліркеген ұрпақтың рухани ізденісі мен талғамын қанағаттан­ды­руға қауқары келмей жатқан жаса­мыс­тардың жағдайы. Екі тарапқа тән осы екі проблема олардың өзара тү­сінбеушілігін тудыруда.
Әсіре діншілдіктің зардабы өз ал­дына бір мәселе. Сол секілді мұ­сыл­м­аншылықтан бейхабар болудың да өзіндік келеңсіз тұсы бар. Әке ба­лаға ұстаздық етуі тиіс. Олай емес екен, онда баланың «ұстазы» кө­бейіп, көрінгенді үлгі тұтатын бола­ды. Әрине, өтпелі кезеңде өмір сүріп отырған ел ағаларының жағдайын түсінеміз. Алайда алдымызда ұрпақ тәр­биесі сынды маңызды мәселе тұр­ғанда біздің кешегі күйіміз қазіргі жағдайымызды әсте ақтап ала ал­май­ды.
Қазіргі ата-ана дінге ден қойған ба­ласының артынан ілеспей, алдына өтіп жол бастауы қажет-ақ. Сонда біз сөз етіп отырған діни көзқарастар қай­шылығы орын алмас еді. Сәждеге бас қойған бала жаман суға әуес әке­нің әрекетіне налымас еді…
Өткен айда Астанада діни сала мен зайырлы қоғамда пікір қалып­тас­тырып жүрген біраз ғалыммен пікір алмастым. Біздің ұсынысымыз бойынша «Зайырлы көзқарас пен діни ұстанымды үйлестіру» қоғамдық кеңесі құрылды. Бұл бастаманы діни ор­та мен қоғамға белгілі ғалымдар – Досай Кенжетай, Бақытжан Са­тер­шинов, Асқар Сабдин, Құдайберді Бағашар, Мұқан Исахан, Қайрат Құр­манбаевтар қолдады. Қазір қо­ғам­дық кеңес өзінің миссиясына кі­рі­сіп кетті. Жамағатты ағарту, тү­сін­­діру шаралары қарқын алды.
Осындай ізденіспен тоқтап қал­май, жуырда Алматыда Марат То­қаш­баев, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қор­ғасбек, Дос Көшім, Айдос Са­рым, Расул Жұмалы секілді қоғам қай­раткерлерімен, Бас редак­торлар­мен сұхбаттастым. Бұл басқосуда негізгі әңгіме діни ұстанымда шектен шықпау, халықты діни ағарту жайлы өрбіді. Осы пікір алмасу отырысы соңында ҚМДБ жанынан қоғамдық негізде сарапшылар кеңесін құру ту­ралы мәселе көтерілді. Сарап­шы­лар бұл бастаманы бірауыздан қол­дап, ортақ мүдде үшін өзара ық­пал­даса отырып, қызмет ету туралы уағ­даластық жасадық. Бұл игі баста­ма­ның түпкі мәні – діни қауым мен зайырлы ортаның көзқарасын жа­қындату. Мүфтият осы екі ортаның өзара ортақ көзқарасын қалыптас­тыру­ға ықпал ете беретін болады», – деді ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру