Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚЖАЙЫҚ ӨҢІРІНЕ ЖАҢА ӨКІЛ ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)

Нұрлан САМАТҰЛЫ www.muftyat.kz 23.02.2018 7786 0 пікір
АҚЖАЙЫҚ ӨҢІРІНЕ ЖАҢА ӨКІЛ ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін Қасиетті жұмада Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазіреттің бұйрығымен Еркебұлан Ыбырайымұлы Қарақұлов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы және облыстық орталық мешіттің бас имамы болып тағайындалды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Алау Шайқымұлы жұма намазын жүргізіп, мешіт ұжымы мен Ақжайық жамағатына  жаңа өкіл имамды таныстырды.

«Еркебұлан Ыбырайымұлы – еліміздің Батыс, Оңтүстік өңірлерінде имамдық қызметте болған діни тәжірибесі мол, білікті һәм іскер азамат. Әлемге әйгілі «Әл-Азхар» университетін тәмамдаған, діни білімі жоғары. Діни қызметте ұстаз да болды, имам да болды, ҚМДБ-ның орталық аппаратында бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Ендігі кезекте әсем Ақжайықтың рухани өміріне қалтықсыз қызмет етіп, бар біліктілігі мен білімін, ынта-жігерін осы өңірдің діни тұрақтылығын нығайтуға жұмсайды деп сенемін», - деді Алау Шайқымұлы.

Ал, осыған дейін ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы қызметін атқарған Руслан қажы Сұлтанов Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы қызметіне ауысты. Оның атқарған қызметіне құрмет көрсетіліп, қазақы салтпен иығына шапан жапты.

Еркебұлан Ыбырайымұлы Қарақұлов – 1980 жылы дүниеге келген.

1998 жылы Мысыр еліндегі «Әл-Азхар» университеті, теология негіздері факультетін (тәпсір бөлімі), 2008 жылы «Әл-Фараби» атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің дінтану мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.

Қызмет жолын 2005 - 2009 жылдар аралығында Алматы қаласындағы орталық мешіттің ұстазы болып бастады. 2009 - 2011 жылдар аралығында ҚМДБ діни сараптау және талдау бөлімінің және ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі; 2011 - 2013 жылдар аралығында ҚМДБ Атырау облысы орталық мешітінің наиб имамы; 2013 - 2014 жылдар аралығында ҚМДБ-ның ОҚО, Шымкент қалалық «Қаттани» мешітінің бас имамы; 2014 жылдан осы уақытқа дейін ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық орталық мешітінің наиб имамы қызметтерін атқарды.

2018 жылдың 23 ақпанынан бастап ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, БҚО орталық мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалды.

«Құран оқып үйренейік», «Намаз оқып үйренейік», «Ислам ғылымхалы» кітаптарының авторы.

Үйленген, бір баласы бар.





Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру