«ӘР ІЛІМ ИЕСІНІҢ ҮСТІНДЕ БІР БІЛУШІ БАР»
(«Юсуф», 76)
Әуелі әлемдердің Жаратушысы болған Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен шүкірліктер, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
ҚМДБ-ның жанындағы, Алматы қаласында орналасқан, Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында шәкірттердің бірі ұстаздан былай деп сұрады: «Ғалым мен тақуаның қайсысының дәрежесі биік?», - деп сұрағанда, Алла елшісі (ﷺ): «Мен араларыңдағы ең төменгі дәрежедегі адамнан қаншалықты жоғары болсам, ғалымдар да тақуалардан соншалықты санатта биік тұрады»,- деген еді. Себебі, екі дүние, төрт тараптың сыры білімділерге мәлім болмай ма? Алла, періштелер, тіпті құрт-құмырсқа мен теңіз жәндіктеріне дейін білімділерге дұға етеді» - деді де мына аятты оқыды: «Құлдардың арасындағы ғалымдар ғана Аллаға лайық түрде құрмет көрсетеді» («Фатыр» сүресі, 28-аят).
Ілімнің қайнар көзі – Құран. Құран оқуды үйрену әсте қиын емес. Нәпсіні жеңіп алғашқы қадамдарды жасаған адамға, Алла оның жолын ашып қояды. «Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады». («Бақара» сүресі, 269-аят). Алланың аятын ұран еткен ҚМДБ-ның жанындағы, Алматы қаласында орналасқан, Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты Республика көлемінде мешіт имамдарының ілімдерін жетілдіру мақсатында 2 айлық оқу курсын өткізіп келеді. Еліміздің әр аймағынан және Моңғолия елінен имамдар келіп, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының басқаруымен ҚМДБ теолог ұстаздарынан жоғары білім алуда. Ұстаздар ұжымын құрайтын «ахлақ» ілімінен Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы бастап, Тайржан Юлдашев – «фиқһ» ілімінен, хафиз Абдухалық Рахимов – «Құран» оқудан, Ризабек Батталұлы - «ақида» сабағынан, Қайрат Құрманбаев – «хадис ілімі» пәндерінен сабақ беруде. Аты әлемге танылған «Әл-Азһар» университетінің ұстазы Мұхаммад Мутауалли – «Құран» және «араб тілі» сабағынан дәріс өткізіп келеді. Осыған қоса, жиырмадан астам кітаптың авторы, «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстазы Мұхиддин Исаұлы – «тәпсір» және «дәстүр» пәнінен, ҚМДБ жанындағы «Халал стандарттау бөлімінің» меңгерушісі Мырзагелдиев Бейбіт ұстаз «Халал стандарт» пәнінен дәріс жүргізуде. «Этнография-тарих» пәнінен тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Әл-Фараби ұлттық университетінің» ұстазы Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы сынды білікті ұстаздар тәлім беруде.
Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Кім білім талап етіп жолға шықса, Жәннат оны талап етеді»- деген хадисіне сүйенген жас шамасы 22 мен 70 жас аралығын қамтыған 51 имам алғашқы күні институттың тыныс-тіршілігімен танысып, теолог ұстаздармен етене араласып кетті. Дәріс беруші ұстаздардың ыстық ықыласына риза болған шәкірттер өздерінің жылы лебіздерін жасырып қалмады:
«Мына тұрған табалдырықты аттап басқанда, үстімнен бір киіміңді шешкендей, құдды бір басқа киім кигендей әсерде болдым. Яғни, ол әсер – ұстаздың алдында отырған шәкірттің алғашқы күніндей болды. Сол күні Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының тыныс-тіршілігімен таныстым. Оқу орны, жататын бөлме, мәжіліс залы, асханасы және сабақ берілетін пәндерінің тізімдері өте қатты ұнады», - дейді Моңғолия елінен келген имам Бобан Жетпісбай. Өз сөзін жалғастырып Ж.Бобан былай дейді: «Ұстаз Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы өз сөзінде: «Екі адамға білім қонбайды, әуелі – тәкәппар, екіншісі – орынсыз ұялшақ болған адамға» деп еді. Себебі, Қазақстан мемлекетіміздің түкпір-түкпірінен келген, әр елге ислам шариғатын айтушы, рухани көшбасшы болып жүрген тұлғалар, енді олардың - ұстаздың алдында шәкірт кейіпінде отыруы, үлкен тақуалық пен сабырлықты қажет етеді».
Еліміздегі мұсылман қауымының, мешіт жамағаттарының рухани бай болуы имам-молдаларға байланысты, ал имам-молдалардың білімді де білікті болуы болса институт ұстаздар ұжымына байланысты. Сондықтан да, 2 айлық курста біліктілікті барынша арттыру мақсат етілген. Имамдардың көбісі, кітаптан бас көтермей, шоқтығы биік болған ұстаздарымыздан қосымша сабақ алып, азғантай уақыт ішінде белгілі бір денгейде білімінің жаңарылғаны байқалады. Алланың алдында шахидтің қанының дәрежесінен, ғалымның бір тамшы сиясы артық. Себебі, шахид бір адамды өлтіруі мүмкін, ал ғалым мыңдаған адамның жүрегіндегі надандықты өлтіріп, иманның дәнін егеді.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіретіміз өз қызметінің тығыздығына қарамастан, әр екі ай сайын еліміздің түпкір-түпкірінен ислам институтына ілім талап етіп келетін ел имамдарымен хал білісу, білім деңгейімен танысуды маңызды деп шешіп, әр оқу легінде институтқа арнайы ат басын тіреп, имам-молдалармен сабақ өткізіп тұрады. Ержан қажы Малғажыұлы: «Егер имам-молданы, діндар адамды төрге шығарып, абыройын, мәртебесін көтерген Ислам діні болса, онда біз – имамдар, діндарлар сол ислам дінімізге адал қызмет етейік», деді. Әрі «имамдар әр бес жылда ілімін шыңдап тұрмаса, ол имамның білімі құрдымға кетеді»- деген сөзінің өте үлкен маңызы бар екендігін оқуға келген имамдар тереңінен түсінді.
Қазіргі таңда имамдардың білімін жетілдіру жолында ислам институты белгілі бір жүйелі деңгейде қалыптасқан. Мұндағы жүйе, тәртіп, оқу кестелері жоғарғы деңгейде қызмет жасауда.
Институтқа келген имамдар қауымы «Ислам институтының» директоры Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы және ұстаздар ұжымына ыстық ықыласы мен шын алғысын жеткізеді. Әрбір ұстаздың отбасына береке, қызметтеріне жеміс, отбасыларына амандық-саулық тілейді.
Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!
ҚМДБ жанындағы Имамдардың білімін жетілдру ислам институтының 2016 жылғы тамыз-қазан оқу легі имамдары
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
24.10.2016
5441
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру