Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Баспасөз бөлімі 2015 жылдың есте қалған ең елеулі 5 оқиғасын назарларыңызға ұсынады.
1. Астана қаласында тұңғыш рет І республикалық имамдар форумы өтті. Форум Ұлт лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Тарихи шараға Орталық Азияның ғұламалары, Бас мүфтилері, еліміздің зиялы қауым өкілдері, теолог-ғалымдар, 1 500 имам қатысты.
Айтулы басқосуда форумға қатысушылар «Бүгінгі мұсылманның шынайы бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжаттарды қабылдап, бекітті.
![]()
![]()
2. Діни басқарманың бастамасымен алғаш рет «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы» атты тәлімдік құжат қабылданды. Діни басқарманың бағытын айқындаған Тұғырнама еліміздегі мұсылман қауымының бағдаршамына айналды. Құжат ХІІІ тарауды қамтиды. Атап айтқанда, тарау тақырыптары төмендегідей:
І.Негізгі діни ұстанымдар;
ІІ.Ислам, зайырлы мемлекет және зайырлы қоғам;
ІІІ.Ислам, Отан және әскери қызмет;
ІV.Ислам және ұлт;
V.Ислам, дінаралық қарым-қатынас және толеранттылық;
VI.Ислам және салт-дәстүр;
VII.Исламның ғылым, білім және тәрбиеге қатысты ұстанымы;
VIII.Ислам және медицина;
IX.Ислам және отбасы;
X.Құмар ойындары, нашақорлық пен ішімдікке қатысты Исламның ұстанымы;
XI.ҚМДБ-ның радикалды, теріс пиғылды және жалған діни ағымдарға қатысты ұстанымы;
XII.Ислам және жиһад;
XIII.Ислам және біртұтас үмбет түсінігі.

3. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орталық Азия ғұламаларының форумын өткізді. Тәжікстанның, Қырғызстанның Бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары қатысқан халықаралық форумда Қарар қабылданып, Үндеу жарияланды. Форумда Діни басқарманың Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы бастамасын ғұламалар бірауыздан қолдады. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, сан ғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшілік қолдауға ие болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исламның Орталық Азия мектебінің ұстанымдарын қайта жаңғыртуда көшбасшы бола алады.
Біздің мақсатымыз – діни қабілетті, байсалды, білімді зиялы ортаны қалыптастыру, жастарды жақсылыққа тәрбиелеу.



4. Алматы қаласындағы «Нұр Мүбәрак» университетінде Діни басқарманың тарихында тұңғыш рет 2020 жылға дейінгі діни білімді дамыту Тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдама – діни білім беру жүйесі бойынша бағыт-бағдарды айқындаған стратегиялық құжат.
Мүфтияттың негізгі жұмыс бағыттарының бірегейі – халықты діни сауаттандыру. Республика бойынша 751 мешітте сауат ашу курстары жұмыс істеп келеді. 2015 жылы осы сауат ашу курстарында 45 456 (оның ішінде 31 789-ы – ер, 13 667-і әйел) адам Ислам құндылықтарын үйренді. Балаларға арналған жазғы курстарда 12 152 оқушы имамдардың тәлімдік дәрісін тыңдады.
5. ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің құрамында 17 ғалым жұмыс істейді. Кеңес құрылғаннан бастап пәрменді мекеме (орган), институт болып қалыптасты. 2015 жылы Кеңес мүшелері шариғи, әлеуметтік, медицина, отбасы мәселелері бағытындағы өзекті 19 пәтуа қабылдады.
Атап айтқанда, «Тəкфир» сөзінің мағынасы жəне оның қазіргі таңдағы мұсылмандардың сеніміне қатысы», «Жиһад ұғымы және қазіргі заман», «Хижрат дегеніміз не және оның үкімі мен шарттары қандай?», «Ағзаны ауыстырудың үкімі», «Науқастан реанимациялық жабдықтарды ажырату», «Жасанды түсік жасатудың үкімі», «Жасанды ұрықтандырудың шариғи үкімі», «Құрамында спирті бар дәрі-дәрмекті қолданудың үкімі», «Өз-өзіне қол жұмсау немесе суицид», «Педофильдік – ауыр қылмыс», «Талаққа байланысты түйткілді мәселелер», т.б. тақырыптар бойынша пәтуалар шығарылды.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
31.12.2015
5385
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру