Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Лондон қаласында өтіп жатқан «Құндылықтардың ауысу шартындағы дін, тұтастық және саясат» атты ХІ Халықаралық мұсылмандар форумына қатысып, баяндама жасады. Форумға келген Түркия, Ресей, Еуропа, Таяу Шығыс, Африка елдерінің мүфтилері, ғұлама-ғалымдары әлемдегі діни ахуал туралы ойларын ортаға салып, пікір алысуда.
Араб, парсы, ағылшын, түрік, орыс тілінде өтіп жатқан басқосуға Қазақстанның атынан қатысқан Серікбай қажы Сатыбалдыұлы өз баяндамасында Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы ұсынысын жеткізді.
«Жуырда біз Орталық Азия ғұламаларының форумын өткіздік. Тәжікстанның, Қырғызстанның Бас мүфтилері, ғұлама-ғалымдары Орталық Азияның қалыптасқан исламдық дәстүрлі ағарту мектебінің рөлін, ықпалын арттыру туралы бастаманы бірауыздан қолдады. Өйткені, біздің тағдырымыз, тамырымыз, тарихымыз бір. Біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру, сан ғасырлық тарихы бар діни ұстанымды қайта жаңғырту туралы идея көпшілік қолдауға ие болды. Діни мектеп – кешенді жүйе. Тарихты қарасақ, кешегі әлемді дүркіреткен Атилла патшалығы небары 100 жылға созылды, Қазақ хандығы 400 жылға жуық өмір сүрді, ал Хиуа хандығы Орталық Азияда 408 жыл үстемдік етті. Ал Бұхар хандығы 285 жыл ғұмыр кешкен. Алайда тарихы тереңде жатқан діни құқықтық мектебіміз осы күнге дейін сақталып келді. Кеңес Одағы кезінде дәстүрлі дініміздің асыл құндылықтары жойыла жаздағанымен, тәуелсіздік алған жылдан бастап қайта қалыптаса бастады», – деп атап өтті наиб мүфти.
Серікбай қажы Ораздың баяндауынша, Қазақстандағы дін қайраткерлерінің мақсаты – Ислам өркениетінің қайта жаңғыруына қызмет ету, білімді, қабілетті, байсалды, заманның өзі талап етіп отырған бәсекеге төтеп беретін, жылт еткен ағымға алданып, оның соңынан ере бермейтін зиялы ортаны қалыптастыру, жастарды осыған тәрбиелеу.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.12.2015
4037
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру