Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ: Сауат ашу курсының әдістемелік кеңесі құрылады

26.11.2015 4854 0 пікір

Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет еліміз бойынша мешіттер жанынан ашылған қыз-келіншектерге арналған сауат ашу курстарының ұстаздарына семинар өтті.

Келелі жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, Дін істері комитеті жанындағы Діндер мен дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы қатысты.

Семинар барысында мешіттер жанынан ашылған қыз-келіншектерге арналған сауат ашу курстарында діни білім беруді дамыту, мешіт шәкірттерімен жұмыс жасаудың тиімділігін арттыру, Тұжырымдама негізінде сауат ашу курсының жаңа бағдарламасын әзірлеу бойынша маңызды ұсыныстар мен келелі пікірлер айтылды.

«Бүгінгі әлеуметтік жағдайда еліміздің діни білімге деген қажеттілігі жоғары. Қазіргі таңда сауат ашу курстарының бағдарламасын бірізділікке салу кезек күттірмейтін шаруа. Өйткені діни білім беруді бірізділікке салу дегеніміз еліміздің, халқымыздың, әсіресе албырт жастарымыздың дұрыс діни сауаттылығына қол жеткізу деген сөз. Осы орайда сауат ашу курсының оқу-әдістемесі мен оқу құралдарын дайындау бойынша сауат ашу курсының әдістемелік кеңес мүшелерін құруды ұсынамын. Басты мақсат жүйелі діни білім берудің моделін қалыптастыру», – деді ҚМДБ-ның Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев.    

Жиында әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлі, дініміздің әйелдерге деген көзқарасы мен қамқорлығы туралы да пікірлер айтылды.

«Әр қоғамда әйелдер мәселесі көтеріліп, оған жан-жақты жауап та беріліп отырған. Әсіресе Ислам діні әйел мәртебесін, құқығын жоғары деңгейге көтергенін жиі айтамыз. Әдетте құқықтар бұрмаланады. Кезінде Христиан дін басылары әйел мәселесін талқылай келіп, әйел өзі адам ба? деген сауал қойған екен. Соған қатысты түрлі діни үкімдер шығаруға тырысқан. Ал, Тәурат пен Інжілге қарасаңыз ерлер де, әйелдер де Жаратушының алдында тең делінген. Ислам діні әйел мен ердің теңдігі деген мәселені басқа қырынан қарастырып, бір-бірін толықтырушы, үйлесімді жаратылыс ретінде қарастырған. Өйткені ер мен әйел ешқашан бір-бірінің міндеттері мен құқығын, мінезі мен болмысын ала алмайды. Сондықтан бұл ер мен әйелді теңестірудің де, қарама-қарсы қоюдыңда еш маңызы жоқ», – деді Дін істері комитеті жанындағы Діндер мен дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы.

ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру