Павлодар облысы, Шарбақты ауданының 100 жылдық тарихы бар Александровка ауылында алғаш рет дін мен дәстүрдің озық үлгісі болған, сәулеті келісті ғибадат үйі 3 ай ішінде бой көтеріп, қазан айының 25-і күні ауыл жамағатына есігін айқара ашты. Александровка ауылындағы «Шәпи» атындағы жаңа мешітті салуға мұрындық болған кәсіпкерлер – Әрбиевтер әулеті.
Күздің соңғы шыңылтыр аязды күні болса да жаңа мешіттің ашылуына ауыл халқы тегіс жиналды. Мешіттің ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, облыс әкімі Қанат Бозымбаев, ҚМДБ-ның іс басқарушысы Ербосын Орын, облыстың өкіл имамы Нариман Исенов, Алматы қаласының өкіл имамы Нұрбек Есмағанбет, аудан әкімі Б.Ыбыраев және Павлодар облысына қарасты қала, аудан имамдары да түгелдей қатысты.
Мешіттің ашылу салтанатында сөз алған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Жаңадан соғылып, пайдалануға берілген мешітте намазға келушілердің қатары көбейіп, асқақ дініміз исламның мәртебесі өсе берсін! Мешіт салу – Алланың тарапынан берілген үлкен сый. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын!», – деп тілек білдіріп, жаңа мешіттің жаңа имамы «Нұр Мүбәрак» университетінің түлегі Қаламхантегі Серік Амангелдіұлына қасиетті Құран кітабы мен осы мешітке имам етіп тағайындалған бұйрығын табыс етті.
Облыс әкімі Қанат Бозымбаев: «Жаңадан ашылған құлшылық үйі ынтымақ пен рухани достыққа шақыратын орынға, имандылық жолындағы рухани білім ошағына айналуына тілекшіміз. Тәуелсіздік алған жылдары Павлодар облысында 4 қана мешіт болса, қазіргі таңда олардың саны 100-ге жақындап қалды. Бұл аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар рухани құндылықтарымыздың да жанданғанын білдірсе керек. «Талап - пендеден, қолдау - тәңірден» дейді дана халқымыз. Талапты азаматтарымыздың ізгі істері оңға басып, құлшылық еткен әрбір адамның ыстық-ықыласы Алладан қолдау тапсын!», - деп, халықты көптен күткен қуанышымен құттықтады.
Келесі кезекте ауданның құрметті азаматы Құсайын Букаев, мешіттің бас демеушісі Елтай Әрбиев сынды ел ағалары да сөз алып жаңа мешіттің ашылуымен ауыл халқына жылы лебіздерін білдірді.
Жаңа ашылған мұсылмандық ордасында жамағат Бас мүфтидің имамдық етуімен екі рәкат нәпіл намаз оқып, арнайы астан дәм татып тарқасты.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ,
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
26.10.2015
4598
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру