Оразаның соңғы күндері, яғни 14-17 шілде аралығында Бас мүфтидің арнайы тапсырмасымен ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев және халал жанашырлары Қанат Рысханұлы, Дастан Құлжабайұлы Малайзия мемлекетінде арнайы іссапармен болып қайтты.
Қазақстандық делегация 15 шілде күні Малайзия халықаралық Ислам университетінің халал ғылыми зерттеу бағыты бойынша профессор доктор Хамзамен кездесті. Профессор қазақ елінен келген қонақтарды Ислам университетінің жай-күйімен, зертханалық зерттеулер барысымен, ғылыми зерттеулер жүргізетін институт жұмысымен таныстырды.
ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев профессорға ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының арнайы сәлемдемесін жеткізді. ҚМДБ бөлімі, еліміздегі халал ауқымы, осы орайдағы іс-шаралар туралы әңгімелеп, халалға байланысты сауалдар мен атқарылған-атқарылатын жұмыстар шеңберінде ақпарат алмасты. Жылы шырайда өткен осы бір кездесу барысында қос тарап халалға қатысты алдағы уақытта екі жақты меморандум жасау мәселесін кеңесті.
Басқосу барысында келісімнің негізгі бағытын қамтитын сауалдар ортаға салынып, ҚМДБ тарапынан халал саласының мамандарын оқуға жіберу, ал Малайзия тарапынан оларды оқыту, жүйелі білім беру ұсыныстары келісілді.
16 шілде күні қазақстандықтар Малайзия халықаралық сауда министрлігінің «Малайзияның халал индустриясын дамыту жөніндегі корпорациясы» мемлекеттік компаниясының басқарушы директоры Дато Сери Жамил Бидин мырзамен кездесті. Кездесу кезінде Қазақстан мен Малайзия арасындағы халалды дамыту және өзара тиімді сауда-саттық жасау, қарым-қатынастар орнатудың екі жақты мәселелері талқыланды.
Бұдан кейін ел делегациясы «MIHAS» дүниежүзілік халал өнімдері көрмесінің бас директоры Дато Мохд Шукри Абдулла мырзамен кездесу өткізді. Бұл жүздесуде халал стандарттарын сертификаттау жүйесіне қатысты мәселелер, екі ел арасындағы тәжірибе алмасу, «JAKIM» мен ҚМДБ арасындағы келіссөздер барысы талқыланды. «MIHAS» - «JAKIM» (Малайзияның Ислам даму департаменті) құрылымына кіретін ұйым. «JAKIM» халал стандарттары бойынша әлемнің 47 елімен өзара байланыс үйлестіріп отыр. Өкінішке орай, бұл мемлекеттер арасында Қазақстан әзірге жоқ. Келіссөз кезінде екі елдің халал стандарттары тұрғысынан бірін-бірін танып-мойындауы, яғни біздің тауарларды олар, олардың тауарларын біз мойындайтын мәселе ортаға салынып, мәміле жасалды. Кездесу нәтижесінде «JAKIM» мен ҚМДБ арасында өзара тиімді серіктестік жүргізудің меморандумын дайындау келісілді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.07.2015
3702
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру