Бүгін «БиНьюс» баспасөз орталығында қасиетті Рамазан айына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Онда ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Ермек Мұхатай және «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Асхат Сәлімов қатысып, БАҚ өкілдеріне Рамазан айына дайындық барысы мен ораза туралы түсінік берді.
Наиб мүфти Наурызбай Тағанұлы айтулы айдың қадір-қасиеті туралы айта келе, биылғы Рамазанда атқарылар шаралар жайын баяндады. «Құрметті БАҚ өкілдері. Көптен күткен қадірлі айдың қарсаңында тұрмыз. Ораза – ас-судан тыйылу ғана емес, мұсылман затының адам қасиеттерге жат қылықтардан бойын аулақ ұстап, өзін-өзі тәрбиелеуі. Бұл ай – Құран түскен құтты ай. Осы айда иісі мұсылман жұртшылығы күтетін Қадір түні бар. Оразаның 26-ынан 27-ші күніне қараған түні – қадір түні. Рамазан өзінің осындай баға жетпес сыйымен барша мұсылман үмметіне қуаныш, сыйлайды, үміт береді. Биылғы ораза 29 күнге созылады. 30-ыншы күні айт намазы дәстүрлі түрде Елорда жұртшылығымен мешіттерде оқылады. Қазақы салтымызға сіңген 3 күн ораза айт мерекесі бұқара болып тойланады», – деді наиб мүфти.
Наиб мүфти Рамазан айында жылдағы үрдіспен қала мешіттерінде оразаның отыз күнінде 300-400 адамға арналған ауызашар дастарханы жайылатынын да жеткізді. Сондай-ақ, қарттар мен жетім балалар үйлеріне, ауруханаларда жатқан жандарға, мұқтаж отбасыларға да ауызашар беріліп, тұрмыстық қажеттіліктері қамтамасыз етілмек.
Наурызбай қажы астаналықтарды ізгі айда осындай игі істе жұрт болып жұмылып, көп болып бірігіп атқаруға шақырды. Осы орайда наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына байланысты шыққан ҚМДБ бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының Үндеуін таныстырып, бас мүфти атап көрсеткендей, су тасқынынан үйсіз, шарасыз қалған отандастарымызға қайырымдылық жасап, табиғи апат салдарынан бұзылған көпір мен жолды жөндеуге үлес қосуға үндеді.
Ораза айында өткізілетін діни рәсімдердің биылғы ерекшелігі туралы «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Ермек Мұхатай баяндады. «Рамазан айында арнаулы құлшылық рәсімдері бар. Құптан намазынан соң мұсылман қауымы тарауих намаздарын оқып, құран хатым түсіріледі. Алайда, биыл тарауихқа қатысты Астана бойынша өзгерістер енгізілді. Осы оразада тарауих намазында «Әлжан ана» және «Төлебай» мешіттерінен өзге мешіттерде Құран хатым етіледі. Ал, аталған екі мешітте хатым етілмейді», – деген Ермек Тасболатұлы мұның мәнін биылғы Ораза уақытының ең ұзақ маусымға сәйкес келуімен түсіндірді. Айта кетейік, Рамазан айы маусым-шілде айларын қамтып, астаналықтар күннің ең ұзақ, яғни 18 сағат 20 минутында ас-судан тыйылады. Күндіз жұмыс бабымен қызметте жүретін отандастарымызға тарауих намазы қиынға соқпасы үшін Астананың екі мешіті Құран хатымынан босатылып отыр.
Ал, «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Асхат Сәлімов журналистерге ораза айы туралы, атқарылатын іс-шаралар жайында орыс тілінде түсініктеме берді. Баспасөз мәслихаты дін өкілдері мен тілшілердің сұрақ-жауабымен аяқталды.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
16.06.2015
4145
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру