Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Нұр Мүбарак» университеті мен Ресей ислам институты меморандумға қол қойды

17.03.2015 4394 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің тапсырмасымен, 16 наурыз күні ҚМДБ оқу ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Қыдырбайұлы Бейсенбаев пен "Нұр Мүбарак" университеті оқу ісінің меңгерушісі Әлмұхаметов Али Рауфұлы іссапармен Татарстан Республикасы, Қазан қаласына барды. Қазан әуе жайынан Татарстан мұсылмандары діни басқармасы халқаралық бөлім меңгерушісі Адел Сафин күтіп алды.

Делегация мүшелері алдымен Ресей ислам институтында болды. Институт ректоры Рафик Мухаметшиннің қабылдауында болып, Бас мүфтидің салемдемесін жеткізіп, діни білім беру мәселелері туралы пікір алмасты. Кездесу барысында РИИ мен ҚМДБ және «Нұр Мүбарак» университеті арасында екі жақты ғылыми ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Екі жақты келісім екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруды, діни қарым қатынастарды нығайтуды көздейді. Және осы келісімшарт негізінде діни білім беру жүйесінде бірлескен оқу жобалары іске асырылып, діни мамандардың орыс тілінде уағыз-насихат айтуы мен діни білімдерін жетілдіру үшін қысқа мерзімді арнайы курстар ұйымдастырылатын болады.

Институт ректоры, академик, профессор Рафик Мухаметшин мырза өз сөзінде келісімшарттың қажеттілігі мен маңыздылығына көңіл бөле отырып, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен «Нұр Мүбарак» университетінің проректоры Шәмшадин Керім мырзаларға өз алғысын білдірді. Оған қоса Қазақстан азаматтарын РИИ-дің бакалавриат пен магистратурасына және қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқуға қабылдауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, институт ректоры қазақстандық азаматтар Татарстанда діни білім алу үшін ҚМДБ-ның жолдамасын талап ететіндігін атап өтті.

muftyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру