Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көңілден кетпес сағыныш салауат болып жолданды (ФОТО)

27.01.2015 5896 0 пікір

Бүгін Конгресс-холл сарайында «Адамзаттың абзалы» атты мәуліт кеші өтті. Есімі күллі әлем мұсылмандары үшін ерекше құрметті Мұхаммед пайғамбар дүние есігін ашқан ай жыл құсындай айналып, сағындырып Сарыарқаға да жетті.

Мерейлі кеш шымылдығы Алланың кәләмі Құран аяттарын оқумен ашылды. Ел мұсылмандарының қара шаңырағы Діни басқарма төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мәуліт мерекесімен бұқараны құттықтап, ардақты пайғамбар жайлы жүрекжарды сөзін айтып сағынышын білдірді.  Игі жақсылар риясыз көңілден шыққан тілектерін ақтарып, құттықтауларын жеткізді.

Қадірлі кеште Елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің де жүректен шыққан жылы лебізі оқылды. Әлмисақтан мұсылманшылығына бекем бұқараға айтулы айтыскер ақын Аманжол Әлтаев арнау жырын жеткізсе, иләһи жыр-дастанымен белгілі ақын Арман Бердалин «Жоқ іздеп жүрмін» термесін орындап, жүректерге сырлы сезім сыйлады. Танымал ақын Қалқаман Сарин жүргізген бұл кеште есімі елге белгілі әнші-жыршылар, өнер адамдары да пайғамбарға деген сағынышын өнердің тылсым тілімен жеткізіп, халықтың көңілін толқытты. Меломен тобының әншісі Жігер Аупбаевтың орындауындағы «Пайғамбарға сағыныш» термесі талайлардың жүрек қылын қозғады.

Иә, бұл өмірдегі әрбір тіршілік иесі мен барша жаратылыстың мән-мағынасын үйреткен ардақты пайғамбар Мұхаммедке деген сағыныш әсте бір күнмен, бұл күнмен шектелмек емес. Хақты танып, адам деген ардақты атқа лайықты болуымызға, өмірлік мақсатымыз бен міндеттерімізді Хақ Жаббар қалаған түрде орындауымызға бағыт көрсетіп, өмірлік шырақ боп, сәуле шашқан, Ұлы Ұстаз Мұхаммедке салауат айту әр мұсылманның міндеті. Оның өнегелі өмірі мен ғибратқа толы ғұмыры жайлы насихат қылу, ол дүние есігін ашқан айды құрметтеу – барша мұсылманға ортақ іс. Бұл Алла тағалаға шүкірлік етудің, қуаныш пен сағынышта ортақтасуымыздың, бірлігіміздің белгісі.

Жаратқанға жақындатар жақсы амалдың жарқын үлгісі осылайша мерейлі мәуліт кешінде көрініс тапты. Алласын ұлықтап, пайғамбарын патшасындай құрмет қылған қазақ халқы осы бір игі ізден жаңылмай, салауаттар айтып, ғибратты кеште бас қосып, көңілден кетпес САҒЫНЫШЫмен бөлісті.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру