Бірер күннен соң күллі мұсыманның ұлық мерекесі- Құрбан айт басталады. Бұл мейрамға әр отбасы, әр аймақ өзінше дайындық жасайды. Ал қаламызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айтқа арналған арнайы кеш өткізді.
Құрбан айттың тойлануы биыл жаңаша сипат алмақ. Бұған еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Маямеровтың дін мен дәстүрді сабақтастырған бастамасы дәлел болып отыр. Мерекеге арналған рухани концерт М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында аталып өтті.
Биылғы ұлық мейрам бұрынғыларына қарағанда өзгеше. Бас мүфтидің айтуынша, қазақы салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыз әрқашан асыл дінімізбен астасып жатуы тиіс. Сол себепті, мұсылмандардың айтулы бұл мерекесі қазақы ән мен күмбірлеген күйге ұласты.
«Құрбан айтта, ораза айтта өзіміздің ұлттық мәдениетіміз қалыптасу керек сияқты. Рухани іс-шара өткізіп отырмыз», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы МАЯМЕРОВ.
Рухани кешті Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің өзі ашты. Құрбан айттың қадір-қасиеті жайында, құрбан шалған мұсылманның алар сауабы турасында бірқатар өнегелі ойларымен бөлісті. Театрды толтырып отырған көрерменнің де қуанышында шек жоқ. Кеш барысы құрбан айт жайлы түсірілген арнайы бейнероликпен де ажарлана түсті.
«Құрбандық - адам баласын ізгілікке, бірлікке бастайтын мейрам, соның етінен мұқтаж адамдарға, әлеуметі төмен жандарға беріледі. Айт күні шалынған құрбан қабыл болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы МАЯМЕРОВ.
Сондай-ақ, бүгін - қарттар күні. Қарттарын қазынасына балаған қазақ қашанда қарияның қадіріне жетуге тырысқан. Құрбан айт мейрамына байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған бүгінгі рухани кештің бір ұштығы - қарттар күнімен де сабақтасып жатты. Қарттарды бағалай білу керектігін түйсіндірген қойылымды театр әртістері ерекше сомдады.
Діни басқарма былтыр қарттар үйіндегі екі ақсақалға кіші қажылыққа жолдама алып беріп, ол кісілер парыздарының бірін өтеп келді. Биыл мұндай мүмкіндік қарттар үйін мекен еткен Айымторы Каспиқызына бұйырыпты.
«Бүгін Алланың нұры жауған күн ғой деймін. Мың да бір рахмет», - деді ардагер Айымторы КАСПИҚЫЗЫ.
Рухани кеште «Арлан» квартеті, Сәкен Майғазиев сынды өзге де қазақ өнерінің тарландары ән салды.
Абай Аймағамбетов, Ескендір Тоғысбаев «Алматы» телеарнасы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.10.2014
4593
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру