Мұсылман қауымы үшін қасиетті Қағбаға деген қадамның алғашқы бөлігі тәмамдалып келді. Умра, яғни кіші қажылықты өтеуге енді тек екі тәулік қалды. Ал бейсенбіден бастап үлкен қажылықтың амалдары басталмақ. Әлемнің түкпір түкпірінен, қажылары бар оларға қызмет көрсетуге келген миссия өкілдері жалпы саны Меккеге бес миллионнан астам адам жиналған. Қасиетті мекенге Қажылық сапарын өтеуге аттанған тілшіміз Нартай Аралбайұлы Қағбаны неғұрлым жақыннан көрсетуге талпынды.
Бес парызын пенделіктің тынымсыз тірлігіне айырбастамай сәждеге маңдайын тигізіп мінәжат еткен мұсылман үшін Әл Харам мешітінде намаз оқу шынайы бақыт. Өйткені жер жаһанда ең алғаш қойылған үй ол дәл осы Мекке. Берекелі мекенге Алланы зікір ету үшін төрткүл дүниеден жиналған жұрттың ділі бөлек болса да діні бір. Қажылық кезінде екі млн адамға құлшылық қылуға мүмкіндік беретін Әл Харам мешітінде ине шаншар орын жоқ.
Қасиетті Қағбадағы құлшылық осылай басталады, кезегі келген мұсылман Жәннаттан жерге түсірілген қара тасқа сәлем беріп оны жеті мәрте айналып шығуы міндет. Адам нөпірін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір Қағбаны тек төменнен емес жоғарыдан да айналып мінәжат қылуға мүмкіндік бар. Мұсылманның бәсін өзгеден биік қоятын қасиет ол ықылымнан бері тақуалық. Сол себепті Қағбаны жеті рет айналып шыққан ел Ас Сафа мен Әл Маруа арасында жеті мәрте жүріп өтеді. Содан кейін екі рәкат намаз оқып түйіндейді Умраның құлшылығын.
Бәтен Әбдуәли:
-Неше жыл армандадым қажылыққа келем деп. Арманыма жеттім, барлығына тәубамды келтірдім. Қағбаны көріп қуанышты болдым. Дініме дін салынды. Алла Тағалам жарық берді маған. Қазақстаным аман болсын.
Қара бастың ғана емес Қазақтың бірлігін, тындырымды тірлігін тілеген қандастарымыз қажылығын өтеуге мүмкіндік алып бір марқайса, қосымша тағы қуанышқа келуде. Екібастұздан жеткен Дүйсенбек ұлық сапарда жүргенінде үйінде ақ түйенің қарны жарылған қуаныш қазір.
Дүйсенбек Оразалинов:
-Алла Тағалам нәсіп етіп ел жақтан хабар алдым, кішкентайлы болып жатырмын. Қыз бала көріп жатырмын, Алла Тағала маған жақсылығын беріп жатыр үсті үстіне Аллаға шүкір.
Қажылық парызын өтеуге келген мұсылманның мал мүлкі мен дәулеті үйінде қалады. Бала шағасы мен туған туысы да. Тек екі ақ матамен жетеді мұнда. Бұл да болса адамды тәубеге түсіретін таптырмас сәт.
Сансызбай қажы Құрбанұлы, ҚМДБ бөлім басшысы:
-Ихрам кигенде, Ихрам дейді Харам дейді. Міне осыны көп халық түсінбейді. Біз айтамыз жаңағы доңыздың еті харам, арақ харам деп. Және мына қасиетті мешітті Әл Харам дейміз. Харам деген сөз тыйым салынған деген мағынаны білдіреді. Адам бұл жерге келгенде бүкіл күнәдан тыйылады. Содан ұстамдылыққа тәрбиелікке үйренеді.
Ихрам киген жан ақ сөйлейді, қиянат жасамайды тек жақсылыққа бетін бұрады. Тіптен жердегі жәндікті де өлтіруге қақы жоқ. Бұл ұстамдылықтың қайтарымы есепсіз, өйткені қажылыққа келіп оны абыроймен атқарған адам анадан жаңа туғандай күнәдан ада болады деген тоқтам бар.
-Қасиетті Қағбаға барып құлшылық жасауға ұмтылған күллі мұсылман қауымы міне мына алаңқаймен бірнеше шақырым жерді жаяу еңсеріп өтуге міндетті. Бұл жерде мыңғырған малы бар байсың ба, жоқ әлде айлығын шайлығына еппен жеткізіп отырған қарапайым қарашасың ба айырмашылық жоқ. Барлығына тәртіп бірдей заң ортақ. Ал Әл Харам мешітіндегі мінәжатын толық тәмамдаған мұсылман бауырларымыз арнайы қойылған жерлерден зәмзәм суын ішеді және шаштарын алдырып ихрамнан шығады.
Нартай Аралбайұлы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.10.2014
4756
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру