Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы орталығындағы айтулы Айт мерекесі

28.07.2014 4462 0 пікір

Бүгін, шілде айының 28-і, 06:30-да Алматы жұртшылығы ораза айт намазын оқыды. Мешітке жиналған мұсылман қауымның көптігі сонша, мешіт сыртына дейін айт намазына келген адамдарға толып кетті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы жұртшылығымен бірге намаз оқып, шаһар тұрғындарын қасиетті айт мерекесімен құттықтады. Бас мүфти: «Айт - мұсылмандардың ұлық мерекесі. Сондай-ақ бұл күні мұсылмандар өз бауырларымен қуаныштарын бөлісе отырып, кембағал, жетім-жесір, мүгедек жандарға қолынан келгенше сыйлықтар тартып, ауыру сырқаулардың қалін біліп, оларға Алладан шипа тілейді, туыстарына кіріп, құттықтасу ізгі дәстүріміз», -деді.

Орталық мешіттің бас имамы Нұрбек Есмағанбет ораза айт мерекесінің қадір-қасиеті жайлы уағыз айтып, жамағатты осы қуанышты күнде мұқтаждарды қуантуды ұмытпауға шақырды.

Айт намазынан кейін айт мерекесі басталып, барлық мұсылман қауым бір-бірін шын ниетімен құттықтасып, елге, халыққа амандық саулық тілесті. Намаздан соң жамағат мешіт ауласындағы жайылған айттық дастарханға шақырылды.

Айт күндері мейірім – шапағат, рақымшылық, достық сезімдерін тудыратын уақыт. Айт күндері адамдардың рухы шаттанады, күнделікті күйбең тіршіліктен жабырқау тартқан көңілдері жадырап, бір сергіп алады.

Айт күндері өзара кездескен мұсылмандар бірін-бірі: «Айт құтты болсын!», «Айтсын», «Жақсылығы бірге болсын!», «Айтыңыз қабыл болсын, ақ мол болсын!», «Айтың амандық әкелсін, ісіңді оңдасын, өзіңді қолдасын!» деп, құттықтап, оған жылы жауап қайтарып, туған-туыс, жора-жолдастарын зиярат етуге тиіс.

Бұл мейрамдар исі мұсылман баласы үшін басқа мейрамдардан артық екенін көрсетіп, өзімізден кейінгілерге мұра болып қалуы үшін балаларға сый-сыяпат жасап, әдемі киімдер кигізіп, туған-туысқа бірге алып барып, мерекені сезіндірген абзал. Айт күнінің әдептері: көп зікір айту, сауапты істермен айналысу, ғұсыл құйыну, иіссу себіну, жақсы және таза киім кию.

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру