Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАНТ мүшелері Астана жұмысының есебін берді

15.03.2014 5225 0 пікір

15 наурыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшелері Ершат Оңғаров, (ҚМДБ Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Исламтанушы, теолог PhD докторы) және Оралхан Сейдманов (Алматы қалалық орталық мешітінің найб имамы, «Нұр» Қазақ-Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты) үстіміздегі жылдың 11-15 наурыз күндері  Астана қаласында іс-сапармен болды.

Осыған орай исламтанушы, теолог PhD докторы Ершат Оңғаров және «Нұр» Қазақ-Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты Оралхан Сейдманов бес күнге жалғасқан жұмыстарын қорытындылап, «Әзірет Сұлтан» мешітінде БАҚ өкілдерімен баспасөз-мәжілісін өткізді.

РАНТ мүшелері Астанадағы жұмысы барысында түрлі мекемелерге барып, дініміз исламның дәстүрмен біте қайнасып жатқанын әрі қоғамда белең алған жат ағымдардың зияндылығы мен сыртқы сипаттары жайында ақпараттандырды. Атап айтқанда, 24 нысанда болған кездесуде РАНТ мүшелері 17 040 адамды ақпаратпен қамтыған. Сандарды сөйлетсек: 180 түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен; 550 мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен; 50 ұлттық корпорациялар қызметкерлерімен; 60 пәтер иелері кооперативі басшыларымен; 380 жоғарғы оқу орындарының студенттерімен; 200 әскери қызметкерлермен; 600 қаладағы төрт мешіттің ақшам намазына жиналған жамағатымен және 15 000 «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі жұма намазына жиналған қала тұрғындарымен кездесіп, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.

«Астанада өткен кезекті сапарымызда нәтижелі жұмыс жасалды. Әрбір кездесуде дәстүрлі Исламның құндылығы мен жат ағымның зияндылығы жайында ақпарат бердік. Себебі, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы биылғы жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп атаған болатын. Осы мақсатта дін мен дәстүрді сабақтай түстік», - деді РАНТ мүшесі Е.Оңғаров баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, мәжілісте «Нұр Астана» мешітінің найб имамы Төлеби Оспан жыл басынан бері Жергілікті ақпараттық насихат тобының (ЖАНТ) жасаған жұмыстарының да есебін айта кетті.  

Иә, РАНТ мүшелері Астанадағы сапарында ҚР Президентінің «Қазақстан жолы  - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы аясында дәстүрлі дініміздің құндылықтарын дәріптеп, халықтың дәстүрлі діни танымын арттыру және ел арасындағы деструктивті, жат ағымдардың таралуының алдын алу жолында ақпаратпен қамтамасыз етті деуге толық негіз бар.

«Нұр Астана» мешітінің
баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру