Облыстың бас имамдары 2013 жылда атқарған іс-шаралар туралы Бас мүфтиге есеп беріп жатқанын бұдан бұрын жарияладық. Сенімге сергек қарамай, жауапкершілік жүгін сезіне алмай жүрген өкіл имамдар сын садағына іліккенін де ілгері айттық. Тірлігі тындырымды, тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайтындар бар екен. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан іскер имамдардың ісіне «өте жақсы» деген баға берді. Сонымен кім «бес» алды? Бағалаңыз, бағамдаңыз, байыптаңыз.
Көш басында – Алматы
Республика бойынша ең көп кездесу ұйымдастырған – Алматы қаласының имамдары. 48 діндардың басын құраған Жергілікті уағыз-насихат тобы 2572 оқу орындарында, 310 түзеу мекемелерінде халықты ізгілікке үгіттеген. Ақпарат құралдарында 721 рет сұхбат берілсе, 108 мақала жарық көрген. Ал діни сауат ашу курстарында 4543 шәкірт рухани іліммен сусындады. Орталық мешіттің ресми сайты – azan.kz-ті өткен жылы әлемнің 148 елінен 3 740 000 дам оқыған және 14 млн. бет қаралған. Сонымен қатар azan.kz сайтының iOS және Android мобильді нұсқасы іске қосылды. Бұл – телефон арқылы сайттан іздегеніңізді табасыз деген сөз.
«Алматы – еліміздің маңызды әрі ірі қалаларының бірі. Сондықтан бұл шаһарда өткізілген игі шаралардың саны көп болу керек. Сапаға да көңіл аударыңыздар», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
«Қайтқан қазақта... қайыр бар»
Діни басқарманың сарапшылары Қызылорда облысының игі істеріне де оң баға берді. Бұл өңір баспасөзге ең көп мақала жариялаған облыс атанды. Өзге діни ағамның жетегінде кеткен 11 адам райынан қайтып, төл мәзһабымыз – Әбу Ханифа мәзһабымен қауышқан. Олар облыстың бас имамы Талғат Омаровпен ұдайы кеңесіп, пікірлесіп тұрады екен. Мұндай ізгі істер Атырау облысында да жандана бастапты. Өкіл имам Батыржан Мансұровтың айтуынша, діни сенімде қатты кеткен бауырларымыз имамның жұмсақ мінез, кішіпейіл мәмілесіне жүрегі жібісе керек. «Қазір олар бізді кезек-кезек үйіне пікір алмасуға шақырады. «Мен қатты қателесіппін. Енді тек сіздерден ілім алсам бола ма?» – деп өтініш білдіретіндер көп», – дейді өкіл имам Батыржан Мансұров. Қаланы айтпағанда, тек Қызылқоға ауданының өзінде 23 адам мешіт тәртібіне бағынып, имамның төңірегіне топтасқан. Ал Ақтөбе облысында 82 тұрғын райынан қайтқанын бас имам Әбдімүтәлі Дәуренбеков қуанышпен жеткізді.
«Біз теріс ағым өкілдерін өз қатарымызға қосу мәселесінде оларды баурап алатын жақсы қарым-қатынас, әдеп, жұмсақтық сынды асыл құндылықтар мен әдіс-тәсілдерге мән бермей жатамыз. «Адам танымағанын сыйламыс» деген сөз бар. Ең бастысы біз оларға жанашыр екенімізді сезіндіре алуымыз керек. Дөрекілік дұшпандық пейіл оятады», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Алғыс хат алғандар
ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі имамдардың білігін арттыруда ауқымда жұмыстар атқарды. 550 имам 677 сағат діни дәріс тыңдады. Ислам құндылықтарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауда белсенділік танытып келеді. Есеп беру рәсімінде өкіл имам Бейбіт Мырзагелдиевтің де жұмысы айрықша аталып өтті.
Төралқа мүшелері сауапты да жауапты жұмыста жақсы нәтиже көрсеткен Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жезқазған аймағы, Ақтөбе облысының бас имамдарын алғыс хатпен марапаттау туралы шешім шығарды. Оған бірауыздан келісіп, дауыс берді.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
17.01.2014
6158
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру