Наиб мүфти Серікбай қажы Ораздың жұмыс кабинетінде отырмыз. Діни басқарманың бірді-екілі қызметкерімен қоса Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев те бар. Әңгімеге арқау болған тақырып: мүфтияттың жұмысын жетілдіру, имамның жамағатпен қарым-қатынасын жақсарту.
Серікбай қажы өзекті мәселе көтерді: әдепті имамдар институтын құру. «Бауырларымыз мешітке келгенде, имамнан мейірім, әдеп, жылышырай күтеді. Дін адамы жұмсақ, сыпайы, иманды, сабырлы, бір сөзбен айтқанда, көркем мінез иесі болу қажет. Бірақ біздің имамдар осынау талап-тілек деңгейінен көрініп жүр ме? Абыройлы атымыз бен қызметімізге қылау түсірмей, ізгі істерде жарыстық па? Халық мешіттен Исламды іздеп келеді. Ал біз асыл діннің құндылығын насихаттай алдық па?» – деп, сауал тастады наиб мүфти.
Бәріміз үнсіз қалдық. Расында бізді: «Руханиятқа, имандылыққа шөліркіген жандардың шөлін басуға қай дәрежеде тырыстық? Қанша адамның көңілін қалдырып, қайсыбіріне үміт сыйладық? Қатайған, қарайған жүректерді жібіту жайлы ойландық па? Оларға иманның бал дәмін сезіндіре алдық па?» – деген сұрақтар мазалады.
«Жайылып жастық, иіліп төсек бол». Тамаша теңеу. Құдды осы мақал бізге, дін қызметкеріне қатысты айтылса керек. Серікбай қажы мешіттің күзетшісі, мейлі имамы болсын, Құран оқытуға, кеңес алуға, жәрдем сұрай келген кез келген кісіге кішіпейіл мінез көрсетуі тиіс екенін қадап айтты.
Жамағаттың, жеке тұлғаның іш-бауырына кіріп, шынайы жанашырлық таныту – жетпей тұрған тұсымыз. Насихат айтып, жылы шырай білдіру де – ақша шығындамай табатын «тегін» сауап. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде күлімсіреу де адамды сауапқа бөлейтіні айтылған. Пікір алмасу отырысында осы мәселеге басымдық берілді.
Иә, имамға имамдық қызмет аз. Оның атқарар саласы сан алуан: психолог, тәрбиеші, ұстаз, кеңесші, уағызшы, ұйымдастырушы, т.б. «Осы сипаттар дін қызметкерінің бойынан көрініс табуы тиіс», – деді наиб мүфти. Ол кейбір мешіттерде әскери форма киген күзетшілерді де сын садағына алды. Алла үйіне келген адам әлгі формадағы кісіні көрсе, тіксініп қалуы мүмкін. Оның үстіне, күзетшінің әскерилерге тән дөрекі мінезі, бұйрық раймен айтқан сөзі, бәрі-бәрі кез келген жанның жағымсыз пікірін қалыптастырады. Суық сөз жүрекке жылу бермейтіні белгілі. Мұндай күзетшіні барлық мекемеден табасыз. Ал мешіт – мекеме емес. Ол – құлшылық үйі, ізгілік пен имандылықтың ордасы. Олай болса, отандастарымыз мешіттен рухани нәр алып, рухы асқақтап, қанаттанып қайтуы қажет. Отырыста айтылған ойдың түйіскен тұсы осы болды.
Мешіт қызметкерінің ұстанымы елге несие алуды «уағыздап», қаржы құрығын салған кейбір банктердің ұранымын ұқсас болғаны жөн: «Сіз үшін тағы не істей аламыз?» Бұл – иілу емес – игі іс. Жағымпаздық емес – жанашырлық. Демек, Алланың хақ жолын таңдаған адамға рухани демеу деген сөз. Мұны рухани дағдарыс пен күйзеліске түскен жанға көрсетілген алғашқы ем-дом, тұңғыш таңу дейміз. Медицина тілімен айтқанда, жедел жәрдем. Жауапты да сауапты қызмет деп отырғанымыз – осы.
Құлшылық үйіне қадам басқан әр адамның жүрегіне ізгілік дәнін себу – үлкен жеңіс. Керісінше, келген кісінің хақысы берілмей, қанағаттанбай кетуі – үлкен қасірет. Мүфтият басшылығы бүкіл имамдарды осыны ұмытпауға шақырды. Ендеше, әуелі өзімізден бастайық. Сауап еселенсін.
Отырыстан ой түйген
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
23.12.2013
5785
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру