Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әзірет Сұлтан» мешітінің имамы ауысты

01.11.2013 13506 0 пікір

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы наиб мүфти Қайрат Жолдыбайұлы бүгін мешіт мінберінде соңғы уағызын айтты. Ол халықты бірлік-ынтымаққа, татулыққа шақырып, әр істің түбінде бір қайыр бар екенін жеткізе келе өзінің ғылым-білім жолына ауысатынына байланысты мешіттің бас имамы қызметінен кететінін жариялады.

Жиналған қауымға: «Мен өзім ғылым-білімге құштар жанмын. Өздеріңіз білесіздер, ғылым жолы – ауыр жол. Оған арнайы уақыт пен тиісінше көңіл бөлінуге тиіс. Биыл PhD докторантурасының соңғы жылындамын. Осыған байланысты ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлынан мені «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы қызметінен босатуын сұрадым. Бас мүфти мешіттен босатса да, наиб мүфтилік қызметтен жібере алмайтынын білдірді». Сондықтан Қайрат Жолдыбайұлы бұрынғыша  ҚМДБ жүйесінде наиб мүфти болып әрі Астана қаласының өкілдігінде қала бермек.

Жұма намазына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, Қайрат Жолдыбайұлының діни басқарманың жұмыстарына қосқан мол үлесін айтып, өзінің және Қазақстан мұсылмандарының атынан алғысын білдіріп, иығына шапан жапты.

Астана қаласы мәслихатының хатшысы Есілов Сансызбай Сейтжанұлы Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлының атынан алғыс хат тапсырды.

Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мешіті Ақылдастар алқасының мүшесі Амангелді Құрманғалиев, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Сағын Бекбол Ұбайдуллаұлы сөз алып, Қайрат имамға ізгі тілектерін білдірді.

Мешітте атқарылған ізгі іс-шараларға демеушілік жасап жүрген жаны жомарт кәсіпкерлердің атынан «Alit» компаниясының бас директоры, кәсіпкер Нұрлан Әлжанқұлов сөз сөйлеп, Қайрат Жолдыбайұлына шетелдік автокөліктің кілтін сыйлады.

Сөз соңында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы құлшылық ордасы ғана емес, рухани-ағарту ордасы айналуға тиісті "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамдығына ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай Ораз тағайындалғанын хабарлап, тапсырылған жұмысты ары қарай жалғастыруға сәттілік тіледі.

Ораз Серікбай қажы Сатыбалдыұлының қысқаша өмірбаяны:


1975 жылы  12-сәуірде дүниеге келген.
 
Білімі:
1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған.
1992-1994 -жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.
1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім көтерген. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай  бітірген.
 
Еңбек  жолы:
Алматы мешітінің  найб имамы;
Ислам институтының ұстазы;
Ислам институтының  ректоры;
Астана қаласы Ақмола  облысының  өкіл имамы;
ҚМДБ-төрағасының орынбасары, найб-мүфти;
Алматы әкімшілігінің діни бөлімінің сектор меңгерушісі;
ОҚО. Сарыағаш ауданының Бас имамы;
Мемлекеттік қызмет істер агентінің аға қызметкері;
Астана қаласы  Әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы;
ҚР Президенті іс басқармасының Әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры болып жұмыс істеді. Қажылыққа барған.
2011-2013 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысының өкіл имамы қызметін атқарды.
2013 жылы найб мүфти болып тағайындалды.
 
Жанұялы 6 баласы бар.

muslim.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру