Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жастарды ізгілікке үндеген форум

23.09.2013 4988 0 пікір

(суреттерді түсірген – автор)

Алматыда «Дін және жастар» атты форум өтті. Мінберде «Жас Отанның», қоғамдық ұйымдар мен бірқатар оқу орынның белсенді студенттері сөз сөйледі, ұсыныс білдірді, мәселе талқылады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен пікір алмасты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Жастар бөлімінің ашылғанына көп болмады. Бұл бөлімнің қызметі, аты айтып тұрғандай, жастарды жақсылыққа жұмылдыру, имандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу һәм дінге жат, дәстүрге қайшы ағымның жетегінде кеткен жеткіншектерге бағыт-бағдар сілтеу, т.б. Форумның өтуіне ұйытқы болған да осы ҚМДБ Жастар бөлімі.

Сонымен форумда не айтылды, не талқыланды, нендей мәселе меңзелді? Осыған тоқталайық. ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы имандылыққа ұмтылған ұрпақ ұлттың жанашырына, тәрбиешісіне, қамқоршысына айналатынын тілге тиек етті. Ал ізгіліктен алшақтаған адам арсыздық пен абыройсыздыққа ұрынатынын қаперге салды. Бас мүфти бүгінгі қоғам бетпе-бет келіп отырған жастардың денсаулығы, нашақорлық, маскүнемдік, қылмысқа бейімдік, жұмыссыздық, білімге селқостық, жеке бас мәдениеттің төмендігі секілді бірқатар келеңсіздіктерді атап өтті. Жастарды білім алуға, спортпен шұғылдануға үндеді.

«Бүгінгі таңда жастар арасында семіздік ауруының кең тарап бара жатқаны да алаңдатады. Өскелең ұрпақ арасында отбасы құндылығының беделі төмендеп, ажырасулардың азаймай отырғандығы да ел болашағына балта шабуда. Әр нәрсенің пайда мен зиянды тұстары болады. Мәселен, интернетті білімді, қабілетті арттыру мақсатында пайдаланудың маңызы зор. Өкінішке қарай, кейбір іні-қарындастарымыз адамды рухани аздырып, ар мен ұяттан жұрдай етуге жетелейтін сайттарды пайдалануда. Сондықтан жастар оның ауыр күнә екенін шынайы білетін болса, мұндай іске бармас еді деп ойлаймын. Асыл дініміз Ислам адамзатты ізгілікке бастайды», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Бас мүфти көпшілік жастарымыздың заманауи ақпараттық құралдар мен интернет желілері арқылы Ислам жайлы мағлұматтарды өз бетінше алып, дін мен дәстүрімізге қайшы ұстаным байқатып жүрген жастарға тоқталды. «Жас бауырларымыздың дінді ұстанудағы тағы бір шектен шығуы – өзінің ұстанатын пікірін ғана дұрыс деп, өзгенікін қатеге санауы», – деді ол. Бас мүфтидің пайымдауынша, бұл жағдайлар мұсылмандардың дамуына, дінді көркем түрде жеткізуге, еліміздің бірлігі мен ынтымағына сызат түсіруі мүмкін.

Жастармен өткен жүздесуде «Қазақ энциклопедиясы» ғылыми-анықтамалық баспа мекемесінің бас директор – бас редакторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, Ислам энциклопедиясын шығару туралы тілегін білдірді. Профессор Бауыржан Өміржанұлы бұқаралық ақпарат құралдарында діни-ағарту бағытында телебағдарламаларды көбірек жариялау қажеттігін меңзеді.

Форумда Алматы қаласының "Жас Ұлан" біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрағасы Қайырхан Тутқышбаев баяндама оқыды, Қазақ ұлттық техникалық университетінің рухани-мәдени шаралар ұйымының төрағасы Алтынбек Боранбековтар Бас мүфтиге жастар мен дін мамандары арасында жиі кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде ҚМДБ Жастар бөлімінің өкілдері тағайындалып, «Дін және жастар» тақырыбы аясында форумдар, конференциялар өткізу жоспарланғаны осы жиында жария етілді.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру