Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: «Ғаламға рақым болған – Әз Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші өтті

Маңғыстау облысы өкілдігінің баспасөз қызметі 28.08.2026 128 0 пікір
Маңғыстау: «Ғаламға рақым болған – Әз Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші өтті

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Ғаламға рақым болған – Әз Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші өтті.

Кеш шымылдығын ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы ашып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ізгі сәлемін жеткізді. Сонымен қатар барша жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, рухани шараның маңыздылығына тоқталды.

Рухани жиын «Ғаламға рақым болған – Әз Мұхаммед» атты арнайы интромен ашылды. Кеш барысында Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі, «Мен қазақпын» мегажобасының жеңімпазы Оспан Құлсымақ Сәттіғұл Жаңғабылұлының «Насихат сөзін» орындады.

Сондай-ақ Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының артистері Алмас Темірбайдың «Уақыттың қадірі» шығармасын орындап, көрермен назарына «Бір шаңырақтың тағдыры» атты тағылымды көріністі ұсынды.

Қазақстан Республикасының Өнер қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, ақын, термеші әрі сазгер Жәкен Омаров «Мәуліт жырын» орындады. Ал Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі Екпін Толқынхан «Ағайынның арасы» термесін шырқады. Дәстүрлі өнердің насихатшысы, жыршы-термеші, республикалық байқаулардың лауреаты Бақтыбай Елеусін «Пайғамбарға арнау» шығармасын орындады.

Кештің арнайы қонағы, елімізге белгілі дінтанушы, исламтанушы, уағызшы әрі ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбет «Адалдық – Пайғамбар аманаты» тақырыбында тағылымды насихат айтып, Ислам дініндегі адалдық пен көркем мінездің маңызына кеңінен тоқталды.

Рухани шара аясында «Мәуліт сыйы» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Оның барысында 10 азаматқа 100 мың теңгеден қаржылай көмек табысталды. Атап айтқанда, Бахытджан Дамир Ғалымбекұлы, Раймкан Тұрсынбек Асылбекұлы, Қайрат Айсұлтан, Избаганбетов Мақсат Ильясұлы, Наржабаев Нұрсәт Оразбекұлы, Манарбек Мадияр, Аблайхан Бекзат Әділханұлы, Елемесова Бақтыгүл Қуанышбайқызы, Жұматаева Рабиға және Айнұр Джуманбетова қаржылай қолдауға ие болды.

Сонымен қатар «Облыстық мамандандырылған балалар үйі» мемлекеттік мекемесіне 500 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.

Кеш соңында ҚР Өнер қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, ақын, термеші әрі сазгер Жәкен Омаров рухани шығарма орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
                           

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру