Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы аясында діни оқу-ағарту бағыты бойынша Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Дін және қоғам» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинарда Қарағандыға іссапармен келген ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл жүргізді. Іс-шараға Қарағанды облысына қарасты қала, аудан имамдары қатысты. Қоғам ізгілікке ден қойса, ғылым-білімге ұмтылса, болып жатқан келеңсіздіктер өздігінен жойылатынын бізге дейін ғұламалар айтып кеткен. Сондықтан имамдар үнемі білімін жетілдіріп, жан-жақтағы түрлі оқиғалардан хабардар болып, халықпен етене араласып, түрлі мәселелердің оң шешілуіне ұйытқы болуы қажет екенін Хасан Ташайұлы да атап өтті. Іс-шара аясында мешіт қызметкерлері діни басқарма өкілімен бірге қоғамда болып жатқан мәселелерді қарастырып, оның алдын алу, шешу жөнінде пікір алмасты. Семинарға қатысқан дін қызметкерлеріне Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Ташайұлы және Қарағанды облысының бас имаммы Естай Айтуғанұлы сертификаттар табыстады.
Сонымен қатар Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Әрбір мұсылманға білім – парыз» тақырыбында бейсенбілік жиын ұйымдастырылып, Хасан Аманқұл уағыз айтты. Рухани кеште ұстаз Хасан Ташайұлы әрбір мұсылманға білім алу міндет екенін атап өтті. Сондықтан әр адам өзін-өзі үнемі дамытып, білім аясын кеңейтіп отыру қажеттігін тілге тиек етті. Білім алу жөніндегі берекелі отырыс соңы сұрақ-жауапқа ұласып, бөлім басшысы Хасан Аманқұл жамағаттың ауызбіршілігі мен еліміздің амандығын тілеп, батасын берді.
Бұдан бөлек бөлім меңгерушісі Хасан Аманқұл Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Уақып – сауабы үзілмейтін садақа» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Сондай-ақ облыстық мешіт жанындағы «Олжас Есенұлы» атындағы сауат ашу қайырымдылық мекемесін және Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылы «Үштөбе» сауат ашу қайырымдылық мекемесінің жағдайымен танысты. Ондағы ұстаздардан медреселердің жай-күйін анықтап, болашақ жоспарларын талқылады.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру