Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БҚО: Бөрлі ауданында дін қызметкерлеріне баспана берілді

БҚО бойынша өкілдіктің баспасөз қызметі islam-oral.kz 24.10.2024 1390 0 пікір
БҚО: Бөрлі ауданында дін қызметкерлеріне баспана берілді

Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Қанатқалиұлы өткен аптада Бөрлі ауданына барған сапарында ауқымды іс-шараларға қатысты. Мәселен, облыс бас имамының ұйытқы болуымен ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында екі бірдей мешіт қызметкеріне баспана кілті табыс етілді.

Осылай еліміз бойынша берілген 782, 783-пәтерлер Ə.Төлеуов пен С.Сүндетовке бұйырды. Сондай-ақ бас имам Самат Қанатқалиұлы аудандық орталық мешітте жұма уағызын айтып, жамағатпен бірге жұма намазын оқыды. Елдің бірлігі мен тұтастығы турасында дұға жасады. Мешіт жанашыры әрі жамағаты Жанат Талапұлына Ұмра қажылығына сертификат табыстады.

Бұдан соң Самат Қанатқалиұлы аудандық мешіт жанынан салынған «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатына қатысты. Жаназа және жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру мақсатында ашылған салттық діни рәсімдер орындалатын ғимарат талаптарға сай жабдықталған. Шара барысында облыс бас имамы жиналған қауымға өзекті болып табылатын жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру, жаназа, ас беру кезіндегі дәстүр мен әдеттерді жүйелеу бойынша жұмыс жоспарымен таныстырып, мәйіт көмілген соң қабірге қойылатын құлпытастың шариғат шарттары бойынша қандай болуы керектігіне тоқталып, егжей-тегжейлі баяндап түсіндірді.

Сонымен қатар, бас имам «Адамзаттың асылы – Хазіреті Мұхаммед» атты рухани кештің қонағы болып, Камалов Ербол және Кадиров Амандық есімді мешіт ақсақалдарына шипажайға жолдама сертификатын табыстады. Берекелі кештен рухани нәр алған жамағат басқосуды ұйымдастырған мешіт ұжымына, облыс бас имамына өз ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру