ҚМДБ-ның бастамасымен жарияланған «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Мәуліт мерекесіне орай Шығыс Қазақстан облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен жамағат арасында «Ұлттық ойындардан спартакиада» өтті.
Дүбірлі сайыс тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату және қазақ күресінен (2 салмақ) ұйымдастырылды.
Сайысқа облысқа қатысты аудандармен қоса Өскемен, Риддер қалаларынан жалпы 20 команда 100-ден астам спортшы қатысты.
Сайыстар Өскемен қаласындағы спорттық нысандарда өтіп, облыстық қазақ күресі, садақ ату, тоғызқұмалақ федерацияларымен бірлесе ұйымдастырылды. Жарыстар аса тартысты, қызықты болып өтті. Ұлттық ойындар бәсекесін қала жұртшылығы көптеп келіп тамашалады.
Іс-шараның қорытындысында ҚМДБ Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Ермек Қасболатұлы: «Ұлттық ойындарға деген жамағаттың қызығушылығы өте жоғары. Өкілдік тарапынан әсіресе жастар арасында ұлттық ойындарды үнемі насихаттап жүрміз. Бұл сайыс жастардың спортқа қызығушылығын арттыру, береке-бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, садақ ату барлығы бүгіндері ең бір қызығушылығы жоғары ұлттық ойындар қатарында тұр. Ақыл оймен және білек күшімен ептілікпен сайысқа түсу нағыз мұсылманға тән ерекшелік» дей келе, ұлттық ойындарды насихаттаудың ерекшелігі туралы насихат айтты.
Сайыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Тарбағатай ауданы 1-орынға ие болып топ жарды. Ұлан ауданы 2-орынға, Марқакөл ауданы 3-орынға ие болып, марапат және ақшалай сыйлықтармен, кубокпен марапатталды.
Айтулы шараға «Уақып» қорының ШҚО өкілдігі демеушілік жасады. Спартакиада жоғары деңгейде өтті.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру