Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылында Келімберді ахун атындағы жаңа мешіт ашылып, халық игілігіне берілді.
Батыр ауылында бой көтерген мешіттің ашылу рәсіміне Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Көпсажарұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, жазушы, тарихшы Айшуақ Дәрменұлы қатысып, игі тілектерін білдірді. Сондай-ақ жаңа мешіттің ашылу салтанатында облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, ақсақалдар сөз сөйлеп, бата берді.
Мешітке Бас мүфти бұйрығымен имам қызметіне Абдуллаұлы Амидулла тағайындалды. Бұған дейін, Алматы облысы Балқаш ауданы «Оспан қожа ата» мешітінің наиб имамы болып қызмет еткен имамды Әнуар Ізімбайұлы жиналған жамағатқа таныстырып, еңбегіне береке тіледі. Сондай-ақ бас имам өз құттықтауында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізді. Салтанатты шарадан кейін мешітте алғашқы жұма намазы оқылды.
Айта кетейік, «Келімберді ахун» мешіті Мұнайлы ауданындағы ашылған сегізінші мешіт. Оның алғашқы іргетасы 2019 жылы қаланып, халықтың, жанашыр жамағаттың, кәсіпкерлердің қолдауымен 2024 жылы құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріліп отыр. Мешіттің жалпы аумағы 2000 шаршы метрді құрайды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру