Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНДАР БАСТАЛДЫ

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі nmu.kz 09.07.2024 1200 0 пікір
НҰР-МҮБАРАК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНДАР БАСТАЛДЫ

Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде жаңа оқу жылына талапкерлерге арналған шығармашылық емтихандар басталды.

Осыған орай, емтихан алдында қабылдау комиссиясына проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев өзара мәжіліс өткізіп, қабылдау талаптары мен шарттары жайлы пысықтады. Шығармашылық емтихандарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Мырзабаев бастаған дін мамандары мен университеттің оқытушы-профессорлық құрам өкілдері қабылдайды. Жауапты сәт алдында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізген наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы: «Білімге талпынған бүгінгі талапкер – ертеңгі студент, болашақ маман. Сондықтан қабылдау емтихандарының сәтті де әділетті өтуіне мүдделіміз», - деп қабылдау комиссиясының жауапкершілігін нақтылап өтті.          

«Мақсатымыз, еліміздің руханиятына қызмет ететін білімді де білікті маман болуға лайықты жан-жақты, көзі ашық талапкерлерді бағалай білу»,-деген проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев қабылдау емтихандарының сәтті өтуіне тілек білдірді. Осылайша 20 мүшеден тұратын қабылдау комиссиясы іске кірісті.

Шығармашылық емтихандар «В033-Дін және теология білім беру бағдарламалар тобының: 5В021500 – исламтану, 5В020600 – дінтану, 5B021100 – теология мамандықтарына қабылдау бойынша өтеді. Бұл бағытта ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігі тарапынан 300 мемлекеттік грант бөлінген (270 орын – 4 жылдық, 30 орын – 3 жылдық қысқартылған білім бағдарламасы).

Ал шығармашылық емтихандары аяқталған соң шілденің 13-20 аралығында мемлекеттік білім гранттар конкурсына құжат қабылдау өтеді.

Нұр-Мүбарак университетінде діни мамандықтардан өзге «В036 – Аударма ісі білім беру бағдарламалар тобы бойынша • 6В02301 – Шетел филологиясы; • 6В02306 – Аударма ісі білім беру бағдарламаларына құжат қабылдау жалғасуда!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру