Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ШҚО: 19 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі furqan.kz 19.04.2024 661 0 пікір
ШҚО: 19 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

Су басқан аймақтарға көмек көрсетуде еліміздің дін қызметкерлері де алдыңғы қатарда жүр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі уақытта су апатынан зардап шеккендерге жан жақты қолдау шараларын ұйымдастырып жатыр. ҚМДБ ШҚО өкілдігі де аз уақытта көмек жинап су апатынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысына 19 тонна тартатын гуманитарлық көмек жинап табыс етті.

Бұл игі іс туралы «Уақып» қорының жергілікті өкілі Берік Кәдірұлы: «Елімізде болып жатқан тасқын су апатынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету барлығымыздың борышымыз. Біз де өкілдік тарапынан қарап қалмай су басқан өңірге қайырымдылық көмегін жөнелтіп жатырмыз.  19 тоннадан астам жүк оның ішінде бұзылмайтын азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар және киім-кешек жібердік. Қиналған бауырларымызға қол ұшын беру Ислам дінінде міндеттелген игі парыз. Алла  тасқынның бетін  тезірек қайтарып, халқымызға сабыр, төзім берсін» деді.

Ақсақалдар мен еріктілер жүк  тиеген көлікті  облыстық  «Халифа Алтай» мешітінің жанынан сәт сапар тілеп, шығарып салған болтын. Сонымен қатар өкілдік атынан 1 жарым миллион теңге қаржы аударылды. 

 Қайырымдылық көмегін өкілдіктің «Уақып» қоры  және «Зекет және қайырымдылық» қоры қызметкерлері жинап ұйымдастырды. Гуманитарлық көмек Солтүстік Қазақстан облысына тасқыннан зардап шеккен жұртқа таратылды. Петропавл қаласына арнайы келген «Уақып» өкілі Берік Кәдірұлы көмекті қабылдау орынан табыс етіп, шығыс жұртының ыстық сәлемін жеткізді.

 Көмекті қабылдап алған Солтүстік Қазақстан гуманитарлық көмек қабылдау орындағы жауапты мамандар: «Осындай қиын кезде көмек көрсетіп отырған шығыс жұртына, өкілдікке шын ниетпен алғыс айтамыз. Бірлік, туысқандық, ұлтжандылықпен жанашырлық озық үлгісі осы деп білеміз» деп ізгі ықыласын жеткізді. 

Сапар барысында Берік Кәдірұлы «Асыл мұра» орталығында болып, қызылжарлық ақсақалдармен кездесті. Ол қариялармен емен-жарқын әңгіме өткізіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау бойынша өкілдіктер арасындағы шаралар туралы пікір алмасты. Ол өз сөзінде: «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген дана халқымыз. Өскеменде 2017 жылдан бері жүйеді түрде өкілдіктің ұйтқы болуымен Қариялар форумын ұйымдастырып келеміз. Ақсақалдар институты қазақ қоғамында қашанда бірлікпен берекенің ұйтқысы. Ақсақалдармен бірлесе отырып өкілдік тарапынан рухани құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүрді таныту, діни рәсімдерді оңтайландыру бағытында бірқатар іс-шараларды халық арасында таныстырып жатырмыз. Ең бастысы қариялардың өмірлік тәжірибелеріңіз ұрпақ үшін қашанда маңызды» дей келе, рухани құндылықтарды ұлықтау бағытында қазіргі таңда қолға алынып жатқан игі шаралар туралы кең көлемде баяндап берді. Ол сонымен қатар өкілдіктегі «Ислам мәдениеті» мұражайы туралы баяндады.

Қызылжарлық ақсақалдар сонау шығыстан су тасқынында қиындық туып жатқан кезде гуманитарлық көмек әкелген Берік Кәдірұлына қала жұртшылығы атынан алғыстарын білдіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы шаралар жайлы айтып, «Ислам мәдениеті» мұражайына 20 кітап тарту етті.

Кездесуде ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау және ел бірлігін сақтау туралы салиқалы әңгіме өрбіді. Солтүстіктің абыз қариялары шығысқа сәлем айтып, қиындықта бірге болған жұртқа ізгі тілектерін арнады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру