Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Оралда оразаға орай брифинг өтті

БҚО бойынша өкілдіктің баспасөз қызметі islam-oral.kz 09.03.2024 521 0 пікір
Оралда оразаға орай брифинг өтті

ҚМДБ Батыс Қазақстан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қасиетті Рамазан айына арналған брифинг өтті.

Баспасөз жиынына облыс бас имамы Самат Әлібаев, Орал қаласындағы «Тәжиден Батырұлы» мешітінің бас имамы Руслан Тыныштықұлы, БҚО денсаулық сақтау басқармасының  бас штаттан тыс гастро-энтерологы Гүлнар Мұқанова қатысты.

Алдымен облыс бас имамы Самат Қанатқалиұлы сөз алып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа Үндеуін жеткізді.

«Исі мұсылман жамағатын сағындырған Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай.

Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылданды. Алла қаласа, биыл рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – ораза айт мерекесі», - деп атап өтті бас имам.

Қасиетті айда ауызашарлар таратылып, мешітте рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Биылғы Рамазанның ерекшелігі Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен  қатар келіп жатыр. Сондай-ақ бас имам «Ораза ұстаудың артықшылығы» жайында тоқталып, екі дүниенің сардары, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіншілеген істерімен сауапқа кенеліп, екі дүниенің рахатына  бөленуді нәсіп етсін деп тілегін жеткізді.

Ұлық айда тегін таксилер ұйымдастыру, қайырымдылық шара өткізу, балаларға базарлық тарату, тал егу, ауызашарлар беру, ел үлесі баспана, құран хатым оқу, елге танымал батырлар мен ғалымдар, елдің жанашыр азаматтардың рухына құран бағыштау, діни шараларды ауызашар уақытында беру керектігін жеткізді.

Жиын соңында бас имам БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру