Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы облысы: Имамдар арасында Құран байқауы өтті

Алматы облысы өкілдігінің баспасөз қызметі hilal.kz 09.03.2024 699 0 пікір
Алматы облысы: Имамдар арасында Құран байқауы өтті

Келе жатқан Рамазан айына орай Қонаев қаласында ҚМДБ Алматы облыстық өкілдігінің бастамасымен елімізде тұңғыш рет имамдар арасында Құран байқауы өтті.

Қарасай ауданы Ақсеңгір ауылы «Абдуғаппар Сманов» мешітінде өткен жарыстың алғы сөзін ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Серік қари Полатқанұлы алып:

«ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Құран секторы ашылды. Аталған сектор Қарилар даярлау орталықтарының жұмысын жандандыруға, Құранды сауатты оқитын имамдар шоғырын қалыптастыруға және Құран жарыстарын сапалы әрі нәтижелі өткізуге жан-жақты үлес қосады» деп, өтіп жатқан шараның маңыздылығына тоқталды.

Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес жергілікті имамдарға арналған 2 айлық Құран курсы өз жұмысын нәтижелі аяқтағаны туралы айта келе, осы байқауды ұйымдастырушы азаматтарға ризашылығын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Құран Кәрімнің 2 парасын, 1 парасын және жарты парасын жатқа айту аталымдары бойынша өткен жарысқа ҚМДБ-ның Құран секторының меңгерушісі Серік Полатқанұлы, «Абдуғаппар Сманов» мешітінің имамы Абдухалық Абдушүкірұлы және Боралдай кенті Водник-2 ы/а «Арын қажы» мешітінің ұстазы Хұсниддин Акбарұлы сияқты қарилардан құралған әділқазылар алқасы төрелік етті.

Өңірдің әр ауданынан 56 имам қатысқан шараны Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Сәкен Еншібайұлы жүргізді.

Қазылар алқасының шешімімен Құран жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері төмендегідей:

2 пара аталымы бойынша: 

І орын (Ұмра қажылығы) – Шакірат Самат (Еңбекшіқазақ аудандық «Имам Мұхаммед» мешітінің наиб имамы);
ІІ орын (200.000 тг) – Сұлтанбек Нұрбол (Қарасай аудандық «Түркістан» мешітінің наиб имамы);
ІІІ орын (150.000 тг) – Құдайберген Шохан (Іле ауданы Боралдай кенті Водник-2 ы/а «Арын қажы» мешітінің наиб имамы).

1 пара аталымы бойынша:

І орын (150.000 тг) – Медеуов Елжан (Еңбекшіқазақ ауданы, «UAIS» мешітінің наиб имамы);
ІІ орын (120.000 тг) – Қарабазар Месуд (Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы «Ақмешіт» мешітінің бас имамы);
ІІІ орын (100.000 тг) – Кәрібаев Сұлтанбек (Еңбекшіқазақ ауданы, Көктөбе ауылы «Қалыбек батыр» мешітінің имамы).

Жарты пара аталымы бойынша:

І орын (100.000 тг) – Хакімов Ислам (Ұйғыр ауданы, Шырын ауылдық мешітінің имамы);
ІІ орын (50.000 тг) – Жұматаев Алмас (Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылдық мешітінің имамы).
ІІI орын (70.000 тг) – Құрманбаев Серік (Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңашар ауылдық мешітінің имамы);


Байқау соңында Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы 2 ай бойы дін қызметкерлеріне дәріс жүргізген қариларға алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру