Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Рамазан айына байланысты брифинг өтті

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 06.03.2024 455 0 пікір
Ақтөбе: Рамазан айына байланысты брифинг өтті

Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Махамбет Бисенов өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен «Рамазан – рухани тәрбие айы» тақырыбындағы брифингке қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Облыстың бас имамы ақтөбеліктер мен отандастарды берекелі де кешірімі мол тәрбие айы, он екі айдың сұлтаны мүбәрак Рамазан айының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар ұлық айда мешіттерде атқарылатын іс-шаралар жайлы атап өтті.

«Рамазан – бүкіл әлемдегі мұсылман қауымы үшін рухани жаңару мен жаңғыру кезеңі. Қасиетті айда ырыс пен ынтымақ, ізгілік пен мейірім салтанат құрады. Отыз күн оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылық көрсету игі дәстүрге айналады. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Бұл айда ізгі амалдарды көібек жасау керек. Құран Кәрімде жүз алпысқа жуық аятта ізгілік туралы айтылған. Ал осы ізгілікке бастайтын теңдесіз ай – Рамазан айы. 30 күн оразамызды ұстау арқылы өзімізді күндіз тек ішіп-жеуден шектеп ғана қоймай, рухтың азығы, тәннің шипасына кез боламыз. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі яғни ізгілікке апарар жол. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін, оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» - деген. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық!

Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескере келе, биыл рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на араған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – ораза айт мерекесі. Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Ораза ұстауға шамасы келмейтін кісілердің беретін фидия садақасының мөлшері – 3400 теңге» - деді Серікжан Еншібайұлы.

Одан өзге наиб имам Махамбет Бисенов Рамазан айының құндылығына тоқталды. Брифинг соңында БАҚ өкілдеріне Рамазан айындағы ораза кестесі мен «Оразаға арналған 200 сұрақ», «Ораза тағлымы» кітабы табысталды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру