Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Кесене жанынан мейманхана ашылды

Павлодар облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі 17.10.2022 2929 0 пікір
Кесене жанынан мейманхана ашылды

Павлодар облысы Екібастұз ауданы Ақкөл-Жайылмадағы дін ғұламасы, әулие Исабек ишан кесенесінде айтарлықтай оқиға болды.

Қожалар әулетінің әмбебап зиярат орны болған бұл жерде бұрыннан намазхана және оның шырақшысы бар еді. Алайда алыс-жақыннан зиярат етушілерге арналған ыңғайлы жатын-орны болудың қажеттілігі үнемі күн тәртібінде тұратын-ды. Осыған орай биылғы жылдың мамыр айында облыс әкімінің қолдауымен жайлы қонақүй салу жоспары бекітіліп, тағаны тартылған болатын. Міне, сол мейманхана құрылысы аяқталып, оның ашылуына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы және облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысты.

Қонақтар алдымен асыл дінімізді алғаш таратушылардың ұрпағы, философ ағартушы, белгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тәлімгері болған Исабек ишанның және оның ұрпағы Жандарбек қожа атаның рухына Құран бағыштады. Келесі кезекте жаңа ғимараттың ашылу рәсімі өткізіліп, Құран оқылып, наиб мүфти бата берді.

Сансызбай қажы Құрбанұлы қасиетті дінімізді дұрыс танып білу, әруақтарға зиярат жасап, құрмет көрсету жайын айта келіп,  ұлттық құндылықтарды насихаттау, дін мен дәстүр үйлесіміндегі мұсылмандық мектепті елімізде жаңғырту жолында ҚМДБ-ның алға қойып отырған мақсаттары туралы халыққа кеңінен әңгімелеп берді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру