Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешіті және Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жарыққа шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабының танытымы өтті.
Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен іс-шараға «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасарыӨмірзақ Озғанбайұлы, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Шахзадаұлы, облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, абыз ақсақал Лепес Қосмағанбетұлы, еңбек ардагері Саламат Нұрұлы, ардагер ұстаз Ордалы Мұқанұлы, дінтанушы Марат Бақбергенұлы, қоғам белсендісі Жәнібек Қожық, жазушы Кенжебек Сержанұлы, сондай-ақ жергілікті дін қызметкерлері қатысты.
Рухани іс-шара шымылдығын Мақсатбек Шахзадаұлы ашып, алғы сөз сөйледі. Содан кейін сөз алған Өмірзақ Озғанбайұлы бұл еңбектің мән-маңызына тоқталып:
«Еліміздің бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен жарық көрген «Ихсан-рухани тәрбие негізі» атты кітапты оқып, үлкен әсер алдым. Кеңестер дәуірінде өмір сүрген уақытымызда бұндай кітаптар қолдарымызға түсе бермейтін. Мазмұнды, әсем безендірілген бұл кітап рухани өмірімізге азық болар туынды екен.
Көркем мінез бен әдептілікке негізделген Ихсан ілімі бүгінгі ұрпаққа қажет-ақ. Кітаптың «Нәпсі тәрбиесі», «Рух тазалығы», «Тіл тазалығы», «Еңбек ету», «Жаман әдеттерден сақтану» және т.б. тараулары Тәуелсіз ел құрып, дамудың даңғыл жолына шыққан біздің қоғамымыз үшін нағыз керек дүниелер. Ендігі мәселе кітаптың негізгі идеяларын университет, колледж, мектеп студенттері мен оқушыларына дейін жетсе, ортақ атқарылатын шаралар жоспарланса дұрыс болар еді» деген пікірін білдірді.
Өз кезегінде ардақты ұстаз Ордалы Мұқанұлы: «Мен жақында «кешегі өткен молдалармен дін кетті» деген мақала жазып едім. Сол ісім асығыстық болған екен. Қолыма осы «Ихсан» кітабы тигеннен бастап дүние есігін қайтадан ашқандай болдым. Ата дініммен қайта қауышқандай сезім кештім. Бұл өскелең ұрпақ үшін баға жетпес туынды екен. Алла разы болсын», деп айтты.
Ізгі тілектерден кейін қорытынды сөзді облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы алып: «Соңғы жылдары қазақ тілінде жарық көрген діни әдебиеттердің саны ғана емес, сапасының да артқаны белгілі. Осы уақытқа дейін адамды рухани тұрғыдан жетілдіріп, адамгершілік тұрғысынан өзгертуге бағытталған еңбектерді түрік не араб тілінен аударып келгеніміз ақиқат. Аталмыш еңбектердің орнын баспаса да, уақыт талабына жауап бере алатын танымдық кітаптың қажеттілігін дін мамандары көптен сезінген. Осы орайда, еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты туындының қалың оқырманға жол тартқаны бәрімізді қуантты.
Қуанышымызды бөлісуге келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ендгі жерде Ихсан ілімін, аталмыш танымдық еңбекті Маңғыстау топырағында насихаттауға сіздер де үлес қосыңыздар» деді.
Осыдан кейін Әнуар Ізімбайұлы Өмірзақ Озғанбайұлының 80 жас мерейтойына орай Маңғыстау имамдарының атынан иығына шапан жауып, сый жасады.
Жиын соңы батагөй ақсақал Лепес қажы Қосмағанбетұлының батасымен, және Әбіш Кекілбайұлының рухына бағышталған Құран аяттарын оқумен аяқталды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру