Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Үшқоңыр» медресесінің шәкірттеріне кітаптар сыйлады

muftyat.kz 16.09.2021 2370 0 пікір
«Үшқоңыр» медресесінің шәкірттеріне кітаптар сыйлады

Қазіргі таңда әлеуметтік желіні жақсылық пен сауапты істерге пайдалану қарқын алды. Жуырда ғана исламтанушы, ұстаз Айдынгүл Серғазықызы мен психолог Сабира Нұрпейісқызының ұйымдастыруымен игі іс атқарылды.

Әлеуметтік желіде блогер ретінде танылып келе жатқан Айдынгүл мен Сабира оқырмандарынан жиналған қаражатты сауапты жолға жұмсап, дін саласында білім алып жатқан шәкірттерге сый жасады. Олар Алматы облысындағы «Үшқоңыр» медресе-колледжінің ер және қыз балалар оқитын бөлімдеріне  жалпы саны 484 кітап тарту етті.

«Ізімізден еріп келе жатқан іні-қарындастарымыздың зейіні ашылсын деген ниетпен, оларға қолдау білдіріп, қуантқымыз келді. Алла разылығы үшін қаражат жинаған ел тұрғындарына және сатып алынған кітаптарды медресеге жеткізуге жәрдемдескен Мейрамбек Мамбетияровқа алғысымызды білдіреміз. Күнделікті дәрістерге арналған 9 түрлі кітаптың 484 данасын шәкірттерге сыйға тарттық. Оның ішінде 17 дана Құран Кәрім Алматыдағы «Әбу Ханифа» медресесінің шәкірттеріне берілді» дейді Айдынгүл Серғазықызы.

Айта кетейік, кітаптардың қатарында дәрістерге арналған Ислам ғибадаты, рухани тәлім-тәрбие, хадистер жинағы, Құран оқу негіздері, отбасы ғылымхалы және т.б. оқулықтар бар.  

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай «Садақаның ең абзалы – білім жолындағы садақа» қағидасын ұстанып, медресе сөрелеріне берілген бұл көмек шәкірттердің болашағына үлкен үлес қосатынына сенімдіміз. Осы кітаптар арқылы жыл сайын жүздеген шәкірт білім нәрімен сусындайтын болса, оның әкелінуіне себеп болған жандарға үздіксіз сауап жазылары анық» дейді ұйымдастырушылар.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру