Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтауда Құран Кәрімді жатқа оқудан жарыс өтті

beket-ata.kz 04.08.2021 782 0 пікір
Ақтауда Құран Кәрімді жатқа оқудан жарыс өтті

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа және мәнерлеп оқудан Құран Кәрім жарысы өтті. 

Рухани, тағылымы мол сайысқа мешіттің жазғы сауат ашу курсының шәкірттері қатысып, екі дүниенің бақытына апарар Алланың сөзін жүрекке жеткізе оқып, білімдерін ортаға салды.     

«Жарысқа жазғы сауат ашу курсында білім алып жүрген 19 шәкірт қатысып, Құран Кәрімнің 30-шы парасын толық және жартылай оқудан бақ сынасты. Қатысушылардың Құранды жатқа айтуы, көркем оқуынан бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың, Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің» дегендей, бұл мешітімізде өткен маңызды шаралардың бірі болды» деді Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев.

Шәкірттердің білімдерін сараптауға мешіттің имамдары мен ұстаздары қазылық етті. Ал, мешіттің бас имамы Құрбанбек Абдалиев қатысушыларға Құран Кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде мағыналы уағыз айтып, алдағы уақытта мұндай сайыстарды ауқымды көлемде өткізу жоспарда бар екенін жеткізді.

Әділ қазылардың шешімімен 30-шы параны жатқа оқудан сайыстың І орнын Ақберген Нұрнияз алса, ІІ орынға 4 сынып оқушысы Бақдәулет Дәуренұлы, ал ІІІ орынға Қоблан Базарбаев лайық деп танылды.

Құранның 30-шы парасын жартылай оқудан І орынды 11 сынып оқушысы Жанарыс Аллабергенов жеңіп алса, ІІ орынды 8 сынып оқушысы Зайр Қайсар, ІІІ орынды 11-сынып оқушысы Махмуд Өркен иеленді.

Барлық жеңімпаздарға мешіт атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жарыста Алла сөзін жүрегімен сезініп оқып, қазылар алқасының көңілінен шыққан Махмуд Өркен «Нұр-Мүбарак» университетіне исламтанушы мамандығы бойынша құжат тапсырып, болашағын дін саласымен байланыстырмақ.

Бүгінде мешіттің жазғы сауат ашу курсында 140-тай шәкірт білім алуда, олардың үлкені 17 жаста, ең кішісі 3 жаста.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі