Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы имамдары «Qurban-2021» акциясын бастады

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі azan.kz 20.07.2021 817 0 пікір
Алматы имамдары «Qurban-2021» акциясын бастады

Бүгін, қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Алматы қаласы имамдары ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен іске асып жатқан «QURBAN-2021» онлайн қайырымдылық акциясы аясында құрбан шалу рәсімін бастады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай: «Айт күндері адам баласы құрбан шалып, қан ағызудан басқа сүйікті іспен Алла Тағалаға жақындаған емес» .

Елімізде жарияланған карантин режиміне байланысты биылғы Құрбан шалу рәсімі де қашықтан ұйымдастырылып, осы бағытта qurban2021.kz сайты іске қосылған болатын. Атап айтсақ, қашықтан онлайн құрбандық шалуға ниет білдіріп, аталған сайт арқылы мал түрін таңдап, ақшасын аударған жандардың шалған құрбандықтары, сайт арқылы өтінім берген мұқтаж отбасыларға жеткізілуде.

Бұл рәсім аясында Алматы қаласы бойынша әзірге 180 уақ мал (қой) құрбандыққа шалынып, 600-ден астам отбасыға құрбандық еттері үлестірілді.   

Сондай-ақ, qurban2021.kz сайты арқылы құрбан шалуға тапсырыс берген жандарға құрбан шалу рәсімі барысынан видео есеп әзірленіп отырмақ. 

Осы орайда, арнайы жұмыс топтарына бөлінген Алматы мешіттерінің барлық қызметкерлері қауіпсіздік және сақтық шараларын сақтай отырып, Құрбан айтты – қуаныштың мерекесі болуына өз үлестерін қосады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі