Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талдықорған: Төрт отбасы баспаналы болды

Талдықорған қаласының орталық «Иман» мешіті taglym.kz 03.05.2021 2867 0 пікір
Талдықорған: Төрт отбасы баспаналы болды

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасымен Жетісу жерінде 377, 378, 379 және 380-ші үйдің кілті табысталып, 4 отбасы қуанышқа кенелді.

Өткен жұма күні Талдықорған өңірінің бас имамы Ардақ Нүсіпханұлы Ақсу ауданында 2 үйдің, Көксу ауданында 1 үйдің және Талдықорған қаласында 1 үйдің кілті беріліп, баспанасыз жүрген жандардың көптен күткен қуанышқа қол жеткізетінін атап өткен-ді.

– Біздің өңірімізде «Ел үлесі – пәтерге» жобасымен 4 отбасы баспаналы болып отыр. Осы сәтті пайдаланып, баспананың қиындығын көріп отырған отбасының үйлі болуына үлес қосқан жандардың баршасына Алла разы болсын деймін. Көмек жасаған азаматтарға, олардың отбасыларына, мал-мүліктеріне Алла Тағала береке берсін. Бұл – жергілікті халықтың ықылас-пейілмен жинаған қаржысына алынған баспана. Көпшіліктің қасиетті Рамазан айындағы істеген игілікті істері деп біліңіздер, - деді бас имам Ардақ Нүсіпханұлы баспана кілтін табыстау рәсімінде.

Ерекше атап өтетіні, 380-баспана Талдықорған қаласының тұрғыны Асхат Иманғалиевке тосын сый ретінде берілді. Жұма намазына жиналған көпшіліктің алдында аты-жөні аталып, ортаға шақырылған азамат қуаныштан шыққан көз жасына ие бола алмады. Баспананы есімінің құпия болып қалуын сұраған азамат Асхат Берікжанұлының отбасына тарту етіпті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру