Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Бас имам аудан әкімімен кездесті

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 07.04.2021 2221 0 пікір
Маңғыстау: Бас имам аудан әкімімен кездесті

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Маңғыстау ауданына арнайы іс-сапармен барды. Аталмыш сапар барысында бас имам аудан басшысы Тілек Жеткізгенұлымен кездесті. 

Әнуар Ізімбайұлы бастаған дін қызметкерлерін жылы шыраймен қабылдаған Тілек Жеткізгенұлы жергілікті имамдардың ауданның рухани өміріне қосқан үлесінің ерекше екендігін атап өтті.

Жергілікті мешіттердің тыныс-тіршілігіне қатысты әңгімеде Жармыш ауылындағы мешіт құрылысының аяқталуы, Қызан ауылында салынатын мешіт мәселесі, Оңды ауылындағы мешіттің жағдайы және өзге де мәселелер ортаға салынды.

Сонымен қатар қайырымдылық жұмыстарын бірлесіп атқару, асыл діннің насихаты, жат ағыммен күрес тақырыбы сөз болды. Кездесу соңында Тілек Жеткізгенұлы ҚМДБ-ның Маңғыстау өкілдігінің ұсыныстарын толық қолдайтынын жеткізді.

Бұдан кейін бас имам жергілікті ақсақалдармен кездесті. Жергілікті «Ардагерлер үйінде» өткен жиынға Маңғыстау өңірі бойынша Ихсан іліміне жауапты Саламат Түгелбайұлы, Жастар ісі секторының меңгерушісі және «Зекет» корпоративтік қорының жергілікті өкілі Іздібай Бегенұлы, «Qamqor-Sharapat» ЖШС-нің жергілікті жауапты өкілі Мұхамбет Исағалиұлы, Маңғыстау ауданының бас имамы Амалбаев Құралбай, «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы» қоғамдық қорының басшысы Азамат Нұғыманұлы, дін қызметкерлері және жергілікті ақсақалдар қатысты.

Алғы сөзді алған Әнуар Ізімбайұлы:

«Бірнеше ай бұрын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Діни басқарманың кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті. Алқалы жиында «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» сияқты маңызды құжаттар қабылданды», – дей келе, жиылған қауымға әрбір құжатты жеке-жеке таныстырды.

Өз кезегінде Саламат Айтбайұлы Ихсан ілімінің ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанған рухани тәрбие жол екендігін, сондай-ақ, бүгінгі таңда мүфтиятымыз тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың мақсаты бұл ілімнің дамуына жаңа леп беретіндігін атап өтті.

Мұхамбет Исағалиұлы болса «Qamqor-Sharapat» мекемеcінің құрылу мақсатын түсіндіріп, жерлеу рәсімін шариғатқа сай атқару, ысырапшылдыққа жол бермеу, жаназа және жерлеу рәсімінде бірізділікті қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.

Жиын соңында қариялар дін қызметкерлері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың маңызды екендігін айтып, ризашылықтарын білдіріп, еліміздің амандығы үшін ақ баталарын берді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру