Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау: Бас имам – Жылыой ауданында (ФОТО)

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі amin.kz 02.12.2020 2589 0 пікір
Атырау: Бас имам – Жылыой ауданында (ФОТО)

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Жылыой ауданына арнайы сапармен барды.

Алдымен шалғайда орналасқан Майкөмген ауылына ат басын бұрған Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті мешітке барып, ондағы ахуалмен танысып, санитарлық талаптарды сақтай отырып, құлшылық үйінің жұмысын жандандыру, уағыз-насихат, қайырымдылық бағытындағы шараларды күшейту жөнінде тапсырмалар берді.

Сондай-ақ Майкөмген ауылдық медицина мекемесіне арнайы барып, дәрігерлерге оттегі концентраторын табыс етті.

«Сапарымыздың мақсаты – шалғай ауылдардағы мешіттердің ахуалын білу. Жергілікті халықпен етене танысу. Осыған байланысты Майкөмген ауылына арнайы келіп отырмыз. Мешіт – тәрбиенің, сонымен бірге, білімнің, бірліктің ошағы. Жергілікті медициналық мекемеге оттегі концентраторын табыстау арқылы, әлемге тарап жатқан пандемия жағдайында бірліктің маңызды екенін көрсеткіміз келді» дейді бас имам.

Бұдан кейін А.Ұтысханұлы Қосшағыл ауылына барып, ондағы жұртшылықпен жүздесті. Жергілікті ауыл әкімдігінің ғимаратында ақсақалдармен кездескен бас имам өңірдегі діни ахуал, дін мен ділді, ұлттық тәрбиені, береке-бірлікті дәріптеудегі аға буынның рөлі туралы айтты.

«Мешіт – ортақ құндылық. Ислам да – солай. Оны дәріптеу дін қызметкерлерінің ғана міндеті емес. Бұл – тұтас қоғамның міндеті. Рухани қуатты, дініне берік, білімді ұлттың болашағы қашан да жарқын» деді А.Ұтысханұлы.

Сапар аясында Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Қосшағыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясына арнайы барып, ұжымға оттегі концентраторын табыс етті.

«Бүгінгідей пандемия жағдайында мұндай аппараттардың маңызы зор. Біз әр адамның өмірі үшін соңына дейін күресуге дайынбыз» дейді дәрігерлер.

Сондай-ақ шалғай ауылға сапар барысында Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қосшағылдық 10 отбасыға қаржылай көмек табыс етті.

«Қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж отбасылар қамтамасыз етілді. Мүфтият бекіткен бұл бағыттағы шаралар жалғасын табады» деді Алтынбек Ұтысханұлы.

Бас имамның Жылыой ауданына сапары жалғасуда.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру