Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: 4 баспана табысталды

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 08.08.2020 2862 0 пікір
Ақтөбе: 4 баспана табысталды

Ақтөбе облысында «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында екі күн ішінде төрт баспана табыс етілді. Бас имам Төлеби Оспан мен басқарма басшысы Әлімбек Тұралиев Байғанин және Темір ауданына арнайы жасаған сапарында әуелі аудан әкімдері Қ.Утаров және Ж.Батырханмен кездесіп, өңірдегі діни ахуалмен танысты. Сондай-ақ акция аясында пәтер кілтін табыстап, мұқтаж отбасыларды қуантты.

Атап айтқанда, Байғанин ауданында тұратын 4 баланың әкесі Көбенов Мейрамбекке 4 бөлмелі жер үй, Темір ауданының орталығынан 3 баланың әкесі, ІІ топтағы мүгедек Сұлтанов Нұрболатқа көпқабатты үйден 1 бөлмелі пәтер берілді. Бұл баспаналарды алуға аудан имамдары Ержан Көрпебаев, Мадияр Пірімқұлов (бұрынғы имам) және Қайрат Дәрменов (қазіргі имам) түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, үлкен еңбек етті. Алла сауаптан жазсын! 

ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауылдық мешіттерде қызмет етіп жүрген жас имамдарға жан-жақты қолдау көрсетуге үндеген болатын. Бас мүфтидің үндеуіне үн қосу мақсатында Темір ауданы Ақсай ауылдық мешітіне жаңадан тағайындалған Хабибулла Түрікменбайға жергілікті кәсіпкер Қалдымұратов Батырғали баспана кілтін табыстады. Өз атына берілген жеке баспана – ауыл имамының алаңдамай мешіт қызметін атқаруына мүмкіндік берері сөзсіз. Үйлі болған Х.Түрікменбайдың қуанышында шек жоқ. Алдағы уақытта ауыл мешітінде аянбай қызмет етемін деген ол өзі секілді жас діни мамандарды ауылдық мешіттерге қызметке келуге шақырды.

Сондай-ақ облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдарын қызметтік баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Бас имам Төлеби Оспанның тікелей ұйытқы болуымен және демеушілердің көмегімен Ақтөбе қаласынан 3 бөлмелі қызметтік пәтер сатып алынды. «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында алынған қызметтік пәтер ҚМДБ балансына рәсімделді. Аты-жөнін жария еткісі келмеген Ақтөбелік кәсіпкерлер 3 бөлмелі пәтер сатып алу үшін 10 300 000 теңге көлемінде қаржы жұмсаған. Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысында «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында былтырдан бері 10 баспана табысталып отыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкілдігі баспана алуға көмектескен барша ақтөбеліктерге алғыс білдіріп, әрдайым жақсылықтың жаршысы болуға шақырады. Алла Тағала көрсеткен көмектеріңізді өздеріңіз үшін жақсылықтар етіп қайтарғай. Ал баспаналы болған отбасыларға шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болғай деп тілейміз!

2

 

 2

 

 2

 

 2

 

 2

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру