Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Онлайн тапсырыс ойдағыдай орындалды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 01.08.2020 2487 0 пікір
Ақтөбе: Онлайн тапсырыс ойдағыдай орындалды

Қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні «Нұр Ғасыр» мешіті жанынан құрылған жұмыс тобы қашықтықтан құрбан шалу рәсімін өткізді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қолға алынған жоба облыс әкімдігінің қолдауымен жүйелі түрде жүзеге асты.

Облыс әкімінің қос бірдей орынбасары Аманғали Бердалин мен Мейрамбек Шермағанбет 08:00-18:00 аралығында мал сою орнында бақылап тұрды. Бұл өз кезегінде жұмыс барысында туындаған қиындықтарды дер кезінде шешуге мүмкіндік берді.

«Айбек» мал сою орнында үш топ болып жұмыс жасады. Бірінші топ – қасапшы, бата беруші және оператор. Екінші топ – еттерді жіліктеп, пакеттеуші. Үшінші топ – еттерді таратушы. Таңертең барлығының қызуын тексеріп кіргізген медицина мамандары мал сою кезінде барлық санитарлық талаптардың сақталуын қадағалады. ІІБ қызметкерлері мал сою орнының маңында тәртіптің сақталуы мен кісінің жиналмауын қамтамасыз етті. 

Құрбан айт шіліңгір шілденің соңғы күндеріне сәйкес келгендіктен бұл шарадағы өте маңызды мәселе – құрбан еттерін бұзып алмай мұқтаждарға үлестіру. Ол үшін облыс әкімдігі арнайы тоңазытқышы бар 10 рефрижератор көлігін бөлді. Бұл ерікті топқа еттерді бұзып алмай белгіленген мекен-жайға жеткізуге мүмкіндік берді. Құрбандық малының бастары да үйітіліп, мұқтаждарға таратылды.

Естеріңізге сала кетейіқ, айттың алғашқы күні 180 қой мен 1 сиырға берілген құрбан шалу тапсырысы орындалып, qurban2020.kz сайтына өтініш берген 536 мұқтаж жандарға 2 тонна 144 келі ет үйлеріне жеткізілді. Бұл қайырымдылық шарасы айттың екінші, үшінші күндері өз жалғасын таппақ.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру