Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

akorda.kz 21.03.2020 310 0 пікір
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
 
Құрметті отандастар!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Осы күндері Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады.

Тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы.

Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады.

Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Сондай-ақ, тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады.

Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады. Біз әрдайым қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын созып, қолдау көрсетуге дайынбыз.

Өкінішке қарай, биыл Наурыз мейрамы әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Пандемияға айналған коронавирустың кеңінен таралуы жаһандық экономикамен қатар біздің елімізге де айтарлықтай зардабын тигізуде. Бүкіл әлем күрделі сынақты бастан өткеруде.

Осыған орай, менің Жарлығыммен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, азаматтарымыздың денсаулығын қорғау және еліміздегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қолға алынды.

Біз ырыс-ынтымағымыздың арқасында бұл қиын-қыстау кезеңнен де сүрінбей өтеміз деп сенемін.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!

Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін!

Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі