Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: «Ақжар» қайырымдылық мекемесі ашылды

http://nurgasyr.kz/ 16.12.2019 4342 0 пікір
Ақтөбе: «Ақжар» қайырымдылық мекемесі ашылды

Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен және демеушілердің көмегімен Ақтөбе «Ақжар» қайырымдылық жеке мекемесі пайдалануға берілді. Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының облыс орталықтарынан қайырымдылық жеке мекемелерін ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес салынған ағартушылық мекемесінің ашылуына елордадан ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғаров және ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы арнайы келді.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби қажы Оспан бастаған дін қызметкерлері мен жамағат, жергілікті тұрғындар қатысты.

«Ассалаумағалейкум құрметті жамағат! Жаратқан Иемізге мадақ-мақтаулар болсын! Сүйікті пайғамбарымызға сансыз салауат болғай! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Сіздерге Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің ыстық сәлемі мен ықыласын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Ағартушылық – адасушылықтың алдын алады. Білетіндер мен білмейтіндер тең еместігін Құранда шегелеп баяндаған. Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің облыс орталықтарынан қайырымдылық жеке мекемелерін ашу жөніндегі тапсырмасы аясында ашылған қайырымдылық жеке мекемесі құтты болсын! Бұл – жат ағымның алдын алудың бірден бір жолы болып, жастарымыздың бойында имани иммунитет қалыптастыратыны сөзсіз» деді салтанатты түрде жаңа мекеменің лентасын қиған наиб мүфти.

Қайырымдылық – біздің халқымыздың аса маңызды адамгершілік қасиеті. Ең қуаныштысы бұл республика бойынша 12-қайырымдылық мекемесі болып отыр. Қазіргі уақытта 15 баланы қабылдауға дайын және алдағы уақытта өңірдегі имандылықтың алтын ордасы болады деп күтілуде.

«Қайырымдылық мекемесі» дегенде, кейбіреулер «әртүрлі бағытта көмек беретін мекеме» деп түсінуі мүмкін. Бірақ бұл қайырымдылық іс-шарасымен айналыспайды. Бұл – көпбалалы отбасылар мен мұқтаж отбасылардың балаларын тегін тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз ететін, ең бастысы имандылық дәрістерін беретін мекеме болмақшы.

Ершат қажы Ағыбайұлы Алланың ризалығы үшін Ақтөбе қаласындағы Діни басқармаға қарасты ғимаратты қалпына келтіруге және талапқа сай жабдықтауға атсалысқан үш кәсіпкерге бас мүфтидің атынан алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ наиб мүфти Ақтөбе қаласындағы «Рахым» және «Әс-Сәлам» мешіттерінің маңынан салынып жатқан қайырымдылық мекемелерінің де құрылысымен танысты.

Ақтөбелік жас жамағаттың мерейін үстем етіп, ізгілік ұясын қаржылай қолдап, демеушілік жасаған кәсіпкерлердің игі іс-амалына зор сауаптан жазып, отбасына – амандық, қызметіне толағай табыс бергей!

Егемен еліміздің Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Алла Тағала асыл дінімізге – күш-қуат, халқымызға береке-бірлік берсін!

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру