Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қарағанды: «Адамзаттың асылы» ардақталды

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі 16.12.2019 685 0 пікір
Қарағанды: «Адамзаттың асылы» ардақталды

Қарағанды облысы Абай қаласының Мәдениет үйінде «Адамзаттың асылы» тақырыбында рухани кеш өтті.

Сахнада Мәуліт оқылып, діни уағыздар, ғибратты әңгімелер мен ақиық ақындардың арнаулары айтылды. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туғанынан бастап, дүние салғанға дейінгі өмірін шумақты арнауға сыйдырып, оның бойындағы ізгі қасиеттер насихатталды.

Қарттар үйінің тауқыметі турасында көрсетілген қойылым көпшілікке ерекше әсер беріп, ата-анаға деген мейірім шуағына бөледі. Бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы көпшілікті құттықтап,  пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен үлгі алуға үндеді.

Игі шара барысында Құлайғыр ауылында 20 жылдан аса дінге қызмет етіп келе жатқан ақсақал Абдрахманов Сағынтай имамға демеушілер тарапынан үлкен қажылыққа сертификат табысталды. Сондай-ақ төрт бағыт бойынша алдын ала ұйымдастырылған мектеп оқушыларына арналған шығарма бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Жиналған қауымға имандылық иірімдеріне арналған «Сүйікті Отанымның мешіттері» атты көрме ұйымдастырылды. Осы ауқымды іс-шара аясында елу отбасына қайырымдылық негізде азық-түлік таратылды. 350 адамға ас беріліп, сыйлыққа кітаптар мен құрмалар үлестірілді. «Мәуліт кубогі» атауымен жастар арасында футбол жарысы ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табысталды.

Жүнайд Бағдади: «Кiмде-кiм Пайғамбарымыздың Мәулiтiне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», – деген. Хасан Әл-Басри (р.а.): «Менiң Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың Мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм», – деген. Сондықтан, осы игілікті іске атсалысқан барлық жомарт жандарға Алланың разылығы болсын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі