Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Шымкент: Ершат Ағыбайұлы Мәуліт кешіне қатысты

Шымкент қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі 16.12.2019 984 0 пікір
Шымкент: Ершат Ағыбайұлы Мәуліт кешіне қатысты

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы  бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Түркістан сарайында  Мәуліт мерекесіне арналған «Әз Пайғамбар хақ жолы» атты рухани кеші өткізілді.

Рухани кешке ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат қажы Оңғаров, қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай,  бас имам Бақтыбай қажы Бейсенбаев,  жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, қала, аудан мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындары, барлығы 1300-ге жуық адам қатысты.

Кеште діни әндер мен жырларға кезек берілді. Діни өлеңдер оқылып, термелер орындалды. Қатысушыларға Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмір жолы жөнінде ҚМДБ тапсырысымен түсірілген бейнефильм көрсетілді. Айта кету керек, рухани шараны елімізге белгілі «Өнер қырандары» театрының директоры Мадияр Серікбаевтың ұжымы жүргізді.

ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат қажы Оңғаров кеште арнайы уағыз айтып, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің ыстық құттықтау лебізін жеткізіп, барша жамағатты қасиетті Мәуліт мерекемен құттықтады.

«Рухани кешті өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан алыс жүруге үндейді» деді наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы.

Сондай-ақ наиб мүфти кеш барысында жыл бойы үздік қызмет атқарған бір топ мешіт имамдарына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің алғыс хатын табыс етті. Марапатқа ие болған имамдар үш бағыт бойынша іріктелді. Оның ішінде жат ағым мүшелерімен жеке кездесулер,  абақтыда жазасын өтеп жатқандармен кездесулер және мешіт шаруашылығын абаттандыру бойынша үздіктер бар.

Рухани кеш барысында көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлау мақсатында  «Қызмет саяхат» және «Зам-зам» қажылық компаниялары тарапынан екі ұмра қажылық ойнатылып, нәтижесінде екі көрермен кіші қажылық сапарын ұтып алды.

Мәуліттен тәбәрік ретінде М.Естеміровтың құрастыруымен жарық көрген Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихы жөнінде жазылған «Мәуліт мәртебесі» атты кітап тегін үлестірілді. Қатысушылар жоғары деңгейде ұйымдастырылған кештен үлкен рухани ләззат алып, ризашылық білдіріп тарасты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі