Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТҰҢҒЫШ МҮФТИ ИНСТИТУТ ШӘКІРТТЕРІНЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ (ФОТО)

Ислам институтының баспасөз орталығы 22.11.2019 1373 0 пікір
ТҰҢҒЫШ МҮФТИ ИНСТИТУТ ШӘКІРТТЕРІНЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ (ФОТО)

ҚМДБ жанындағы Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының «қазан-желтоқсан, 2019» оқу легінің шәкірттері еліміздің тұңғыш мүфтиі, ғалым Рәтбек қажы Нысанбайұлымен кездесті.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы қазақ жеріне исламның келуін төрт кезеңге бөліп тарихи фактілермен баяндап келіп, мәзһаб ұстанудың маңыздылығын, оны жолаушының мақсатына жету үшін апаратын тура жол секілді, мәзһабтың да мұсылманның мұратына адастырмай жеткізетінін әсерлі оқиғалармен түсіндіріп берді.

«Мәзһаб – діни әрі өмірлік сұрақтарға және адамдардың арасында орын алатын көптеген шиеленістерге нақты жауап беретін шынайы ислам ғалымдарының жолы. Әркімнің айтқанына еріп кететін болсақ, мақсатқа жетуіміз қиындайды. Сондықтан мәзһаб ұстану ауадай қажет.
Ең алыменен біз діни ұстанымымызды «әһли сүнна уал жамаға» деп айтып барып, имам Ағзам мәзһабында екенімізді айтуымыз керек. Имам Ағзам мәзһабы – Құран мен Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) сүннетіне негізделген», - деді Рәтбек қажы Нысанбайұлы.

Сондай-ақ, ол жуырда өткен имамдар форумын жоғары бағалап, оның барша дін қызметкерлеріне қажеттілігін айтты. Форумда қозғалған мәселелердің біріне тұңғыш мүфти былайша пікір білдірді:

«Халық сіздерге сұрақтарымен келгенде өз тұжырымдамаңызбен жауап беруге жол бермеу керек. Егер ол сұрақтарға жауап бере алмасаңыздар, жауабын кітаптан қарау қажет. Діни тұрғыдан дұрыс пәтуа шығару керек. Әрқайсыңыз әртүрлі жауап берсеңіз, халық арасында түсінбеушілік туады. Дінімізге кері әсер қалдырудан аулақ болу керек».

Ислам институтының директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлы:

«Құрметті Хазірет, бүгінгі жиында қазақ жеріне ислам дінінің келуі, имам Ағзам (р.а) мәзһабын ұстанудың маңыздылығы, жақында өткен имамдар форумы туралы және өзге де тақырыптарды қамтып кеттіңіз. Шын мәнінде, бұл имамдардың күнделікті жұмысына ең қажетті деп саналатын сұрақтардың бірі. Шәкірт имамдарымыз бүгінгі сұхбаттан көп пайдалы ілім алды», - деп алғысын білдірді.

Іс-шара соңында білімін жетілдіруші имамдар Рәтбек қажыға сұрақ қойып, батасын алды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі