Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Мәуліт мерекесіндегі мейірім

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 15.11.2019 2606 0 пікір
Ақтөбе: Мәуліт мерекесіндегі мейірім

Адам бойындағы жомарттық пен қайырымдылық қасиеті қашан да адамзаттың ең биік құндылығы саналып келеді. Осы орайда Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті «Зекет» қорымен бірлесіп, Мәуліт мерекесінің құрметіне қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бар арман-тілегі мен мақсат-мұраты адамзат атаулының өзіне қызмет көрсетуі емес, керісінше өзінің адамдарға жәрдем көрсетуі болатын. Сондықтан қолына не нәрсе түссе де, мұқтаж жандарға таратып, соларды киіндіріп, мұңайғандарды қуантатын.

Адамзаттың асыл тәжінің осынау қарапайым адамгершілік қағидатына сай, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспанның ұйытқы болуымен, өңірдегі бас мешіт қабырғасында мерекелік қайырымдылық шарасы қолға алынды. Қасиетті жұмада дін саласының өкілдері жағдайы төмен отбасы мүшелері мен көпбалалы аналарды жарқын жүзбен қарсы алды. Наиб имам Сұңғат Сәметов, ұстаз Кенжегүл Қошқарова мен «Зекет» қорының өкілі Әлішер Садықов көпшілікті қасиетті мерекемен құттықтап, игі тілегін арнады.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дегендей бұл күні барлығы 15 отбасыға мерекелік азық-түлік қоржыны үлестірілді. Атап айтқанда, ұн, қант, күріш, ет және тағы басқа күнделікті тұтынатын 135 келі азық-түлік таратылды.

Қасиетті Мәуліт мерекесінде қайырымдылық дәстүрін жалғастырған «Нұр Ғасыр» ұжымы барша жерлестерімізді әрдайым жақсылықта жарысуға үндейді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру