Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Халықаралық толеранттылық күніне арналған дінтанушылар көрмесі (ФОТО)

"Нұр-Мүбарак" университетінің баспасөз қызметі 17.11.2017 4424 0 пікір
Халықаралық толеранттылық күніне арналған дінтанушылар көрмесі (ФОТО)

Бүгін "Нұр-Мүбарак" университетінде «Дінтану» кафедрасының ұйымдастыруымен халықаралық толеранттылық күніне арналған «Әлемдік және ұлттық діндер мәдениеті мен тарихы» атты көрме өтті. Дінтану саласында білім алушы студенттер мен доцент Альбина Дүйсенбаева көрмеге  түрлі діндер мен конфессиялардың символдық ерекшеліктері, діни рәміздері, кітаптар мен түрлі фотосуреттері, құлшылыққа арналған асай-мүсейлерін ұсынған.

Көрменің қызықты болғаны сонша өзге мамандықта білім алушылар әрбір жәдігермен танысып, мәніне үңіліп жатты. Ал болашақ дінтанушылар болса, әр заттың мән-мағынасын түсіндірді. Сондай-ақ, бұл шара университет басшылығын да қызықтырды.

Ректор, профессор Жуда Басюни көрменің студенттер үшін пайдалы ақпараттарға толы болғанын баса айтты. Ал проректор, профессор Шамшәдин Керім мырза көрмеге қойылған қызықты жәдігерлерге, тіпті студенттердің өз қолымен жасаған мешіт-шіркеулер жобасының сондай шебер шыққанына тәнтілігін танытты.

Әлемдік діндерге қатысты бұрышта студенттер көрме тамашаушыларына әрбір жәдігердің мән-мағынасын түсіндіріп жатты. Мәселен, студент Қарлығаш  Мақсұтбай  Будда мүсінінің діни мәнін, Мәскеудегі православ шіркеудің шағын макетінің қолдан жасалу тәсілін тәптіштеп берді.

Ұстаздар да, магистранттар мен студенттер, университет басшылығы ғылым докторы, доцент Қалмахан Ержан мырза басшылық жасайтын «Дінтану» кафедрасына зор алғысын жаудырды. Себебі, жұртшылық тек діндер жайлы танымын кеңейтіп қана қоймай, халықаралық толеранттылық күнінің мәнін ұғына түскендей.

ЮНЕСКО бастамасымен 1995 жылы 16 қарашада толеранттылық қағидалар декларациясы қабылданған болатын. Бұл жаһандық жылдамдықпен жарысқан түрлі зұлымдық пен әлімжеттіліктерге қарсы, күллі адамзатты соғыс пен қантөгістен жырақтатып, ізгілікке жетелейтін құнды құжат болып танылды. Екі жылдан соң, яғни 1997 жылы «16 қараша – халықаралық толеранттылық күні» болып жарияланды. Демек, адам баласын ұлт пен ұлысқа, аймағына, шығу тегіне, діні мен тіліне байланысты ешқандай кемсітуге жол берілмеу керек. Ал қазақ елі соңғы ғасырдың өзінде 100-ден аса ұлт пен ұлыстың мекеніне айналса, тәуелсіздікпен бірге түрлі діни конфессия өкілдеріне құрметпен қарап келеді. Тарихи деректер бойынша қазақ даласында әлемдік діндердің барлық элементтері кездескен. Елімізде түрлі діни бағытқа жататын 18 конфессияға тиесілі 3700-ге жуық діни бірлестіктер еркін қызмет атқаруда. Сондықтан әрбір саналы азамат діни сауатты, көзі ашық болуы – уақыт талабы. Осындай аманатты арқалаған көрме "Нұр-Мүбарак" университеті шәкірттерінің таным қоржынын тың әрі құнды деректермен толықтыра түсті.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру