Павлодар облысы орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық қызметі мүмкіндігі шектеулі және мұқтаж болған отбасыларға әр айдың соңғы аптасының бейсенбі күні жүргізілетін дәстүрлі қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Бұл жолы аталмыш қызметте тізімде тұрған 25 отбасы қамтылып оларға, азық-түлік пакеті (ұн, шай, сұйық май, қант, макарон) және қайырымды азаматтар арқылы жиналған маусымдық әртүрлі киімдер (ер, әйел, балалар киімі) үлестірілді.
«ҚМДБ-ның іс-қызметтерінің басым бағыттарының бірі қайрымдылық шараларына баса назар аудару арқылы 2016 жыл шыққалы әр ай сайын тұрақты түрде жалғызбасты қариялар, көп балалы аналар, мүгедек жандарға үздіксіз көмек жасап келеміз. Екі Айт мерекесі, «Мектепке жол» акциясы, Қарттар күні т.б көптеген атаулы күндерде де «Барыңмен бөліс!» қызметі арқылы игі шаралар жасалды. Мешіт атына көмек сұраған мұқтаж жандарды бір ретке, немесе бір тоқсанға, немесе жыл бойы тұрақты көмек көрсетілетін топтарға бөліп қарастырамыз. Сонымен қатар құрметпен қарайтын аса қиын себептерге байланысты (жедел түрде ақылы ота жасату, шетелдерге барып емделу т.с.с) біршама ақшалай да жәрдемдер жасалды. Мәселен, Ақсу ауданы мешітінен мұқтаж болған көп балалы жалғызбасты ер адамның үйі, ауласы, қора-жайын толық күрделі жөндеуден өткізіп, тұрмыстық техникалық бұйымдармен үйін толық қамтамасыз етіп, қорасына мал салып, үйіне тұрақты таза су кіргізіп, бала-шағасын толығымен киім-кешекпен қамтып берген мысалдарды да көптеп келтіруге болады. Әлбетте, қайырымдылық шаралар «Алла ризашылығы үшін!» деп жасалады десек те өзгелерге үлгі-өнеге ету тұрғысында бұларды біз айтуға тиіспіз»,-дейді «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы Нариман Ермекұлы.
Әлбетте,бұл қайырымдылық шарасы осы бағыттағы ұйымдастырып отырған жұмыстардың бір парасы ғана екені, алдағы уақыттарда да жалғасын таба беретіні анық.
Көмекке қамтылған отбасы мүшелері жасалған көмекке риза болып, мешіт ұжымына алғыстарын білдіріп жатты. Қол ұшын созып, қайырымдылық жасап, көмек күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту барлық азаматтың борышы болмақ. Ендеше бір бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямалық ағайын!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
27.10.2016
3742
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру